Қазақ тілінің тағдыры Тоқаевтың мойнында - ақын
Белгілі ақын Тоқаевты қазақ тіліне қатысты мәселені «мәймөңкелемей» шешуге шақырды
Белгілі ақын Светқали Нұржанның «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұқбатында ҚР президентіне үш тілегі барын айтып, оны тізбектеп шықты. Ақынның айтуынша, осы үш тілегі орындалса, онда қазақтың ұлт ретінде қалыптасуы қайта жанданбақ. Соның бірі - қазақ тілінің тағдырына қатысты.
«Қазақ тілі өте күрделі жағдайда тұр. Күнде зарлап айтып жүрмін. Телефонға байланған ұрпақ өсіп келе жатыр. Тілі не қазақша, не орысша, яки ағылшынша да емес. Соның кесірінен проблемалар өте көп. Сондықтан қазақ тілінің тағдыры осы кісінің (Тоқаевтың – ред.) мойынында. Бірінші тілегім: ол кісі қазақ тілінің тағдырын мәймөңкелемей, бұрынғыдай көзі қылмаңдап, тілің жылмаңдап, 30 жыл бойы тағы да қазақты алдамай, өтірік бағдарламалар жасамай - қазақтың ішкі рухани күшін қосу арқылы біздің мемлекеттік тілді өз тұғырына тұрғызып кетсе», - деді ақын.
Бұдан өзге, ақын шеттегі қандастар мәселесін шешіп, Ахмет Яссауи ілімін қазақтың жүрегіне қондырса деген тағы екі тілегін айтты.