Дидар Смағұлов алты жылда 180 млрд теңге жұмсалғанын жазды
Қоғам белсендісі Дидар Смағұлов бюджет қаржысына кәсіби футболды қаржыландыруды тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның мәліметінше, соңғы 6 жылда бюджеттен футболды қаржыландыруға 180 млрд теңге жұмсалған.
Президенттің облыстағы кәсіби клубтарға жылына 1,2 млрд теңгеден артық ақша жұмсамау туралы тапсырмасына қарамастан, шенеуніктер бюджетті шашудың көптеген жолын тауып жатыр. Нәтижесін бәріміз көріп отырмыз. Соңғы 5 ойында біз 15 гол жіберіп алдық, бір де бір гол салмадық. Сондай-ақ олар коммерциялық құпияға сілтеме жасай отырып, жалақыларын жарияламай, күмәнді «сарапшыларды» шақырып жатады. Алайда неге қажыландыруды тоқтатпайды? Өйткені ол астаудың арқасында ақша жасап отырғандар көп, - деп жазды ол.
Сондай-ақ ол кәсіби спортты қаржыландыруды тоқтатып, оның орнына бұқаралық спортты дамытуға назар аудару қажет деп есептейді.
Кәсіби футболды қаржыландыруды толығымен тоқтатуды талап етемін, легионерлерге лимит енгізгенше, одан да ақшаны бұқаралық спортқа ақша жұмсап, өз таланттарымызды тәрбиелеу керек. Өздері жасай алмайтын болса, таланттарды тәрбиелеп шығаратын мықты мамандарды шақырсын. Егер 5 жыл чемпионаттарға қатыспайтын болсақ, ештеңе етпейді. Ал бәсекеге қабілетті клубтар өздеріне демеуші табады. Сонда ғана бәсекелестік болады.
Әр облыста клуб болмай-ақ қойсын, бұл нарық. Күні кеше Ауыл шаруашылығы министрі қаржы тапшылығына байланысты фермерлерге беріліп келген субсидияның алынатынын айтты. Сөйте тұра кәсіби футболдың бюджеттен қаржыландыру жалғасып жатыр. Парадокс емес пе? Сонда мемлекеттің басымдықтары қандай? Ертең аш отырып, футболшылардың жеңілістеріне қарап отырамыз ба?, - деп қосты Дидар Смағұлов.