×

LRT жыры: әкімдікте бетон бағандардың орнын алмастыратын 400-ден аса ұсыныс жатыр

Мемлекет басшысы урбанистерге көп үміт артты

 Еркеғали Болатұлы 15.06.2022 | 10:46
фото: Нұрдәулет Әбікеев

Атышулы LRT-ның бағандарын не істерін білмей бас қатырған елорда билігіне белгілі сәулетшілер мен урбанистер ұсыныс жасап жатыр.

КТК телеарнасының хабарлауынша, Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сыныбын бітірген Нұртөре Арнұрұлының өзі бетон бағандардың үстін, айналасын саябақ, кітапхана, музейге айналдырғысы келеді. «Қарашаңырақ» деп аталатын жобасы да дайын. Айтуынша, LRT мұнараларының орнына этнопарк салған жөн екен. Ол этнопаркте жастар және қала тұрғындары қазақтың мәдениетімен таныса алады.

Сәулетші Ғалым Илипов те сақалды құрылыстың соңына дейін жетпейтініне сенімді. Сондықтан ол жерге ертоқым іспетті ғимарат салып, оны шағын бизнеске беруді ұсынып отыр. Сәулетшінің сызбасы бойынша, ғимарат іші қысы-жазы жасыл бақ болмақ.

Бұрынғыша төртбұрыш емес, кішкене қызығырақ форма. Стиль жағын да ұлттық нысандармен жасағанбыз. Ертоқым сияқты. Өйткені бізде астана болсын, Алматы болсын, ұлттық стильде жасалған сәулеттер жоқ. Жабық саябақтар салу керек, нешетүрлі халық баратын, көңілін көтеретіндей, ішіне бірдеңелер қою керек, - дейді Ғалым Илипов.

Жалпы, LRT салудың өзі үлкен қателік болғанын жыл басында президенттің өзі айтқан. Бұл ретте мемлекет басшысы урбанистерге көп үміт артты.

Негізі құрылыстың көлемі өте үлкен. Жолды кеңейтіп емес, керісінше, тарылтып тұр. Бұл тұрған жерге көлік жүретін тағы бір жол түсірсе болушы еді. Шетелдік урбанистерді тартып, шешім шығару керек. Қаншама ақшаға тұрғызылды. Енді бұны бұзу одан да қымбатқа шығады. Одан да бірдеңе жасау керек, - дейді урбанист Әдия Қарсыбек.

Бір анығы, мемлекеттің 6 миллиард доллары жұмсалған жобаға әлі талай миллиардтар қажет. Ал қазір әкімдіктің өзінде шетелден урбанистер жалдап, жұмыс істетейтін ақша жоқ. Әйтпесе, онда қазір «Жемқорлықтың символы болған бетондарды қайтпек керек?» деген сұраққа жауап іздеген 400-ден аса ұсыныс жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама