×

БАҚ: «Назарбаев Путиннен араша сұрап барды»

Кездесуде Назарбаев отбасын Ресейге көшіру туралы мәселені де талқылаған болуы мүмкін

 Дастан Жұмабекұлы 15.06.2022 | 09:16
фото: realtribune.ru

Ресейдің «Независимая газета» басылымы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары туралы жазды.

Басылымның хабарлауынша, Назарбаев Мәскеуге өзінің қауіпсіздігі мен капиталының сақталуына кепілдік сұрап барған.

«Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 13 маусым күні Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Келіссөзде олар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуымен бір-бірін құттықтап, бір-бірлеріне зор денсаулық тіледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы экс-лидерінің ресми сайты хабарлады. Бірақ, сарапшылардың айтуынша, сапардың басты мақсаты - Ресей басшысының қолдау білдіруге қатысты жеке кепілдігін алу болған. Мүмкін, Назарбаев пен оның отбасысының Ресейге көшуі варианты да талқыланған шығар», – делінген хабарламада.

Кремль Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесулері жайында ештеңе хабарлаған жоқ. Оның себебі, шамасы, қазір Назарбаевтың тек қатардағы азамат, өзі айтып жүргендей, «зейнеткер» екендігінен шығар. РФ президенті баспасөз қызметі хабарлағаныдай, бұл екі саясаткердің соңғы кездесуі 2021 жылғы желтоқсанда ғана өткен еді. Сол жолы Назарбаев ТМД мен өзі құрметті төраға болып отырған Еуразия экономикалық одағының қорытынды іс-шарасына қатысқан болатын.

Бұл жолғы тет-а-тет, яғни оңаша кездесу Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізілгеннен кейін бірінші рет болды. Ол өзгерістердің қатарына Назарбаевтың құқықтық статусы мен өкілеттіктері жөніндегі ережелерді құжаттан алып тастау да кірген болатын.

Конституцияны қайта қарауға 2022 жылғы қаңтарда Қазақстанның ірі қалалары мен облыстар орталықтарында болған наразылық қозғалыстары тікелей әсер етті. Сонда 230 адам қаза тауып, 300-ге жуық адамға ереуілді ұйымдастырды деген айып тағылып, қамауға алынды. Ал ереуілге шыққандардың басты талабы – Назарбаев пен оның туыстарын саясаттан кетіру болған.

«Бүгінде Қазақстан жұртшылығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Назарбаев режимін толық жойып, 30 жылдық биліктегі басты фигуранттарды жауапкершілікке тартуды, сондай-ақ шетелге шығарылған, әртүрлі бағамдар бойынша, 200 млрд долларға жуықтайтын капиталды қайтаруды күтіп отыр», – делінген материалда.

Референдум кең ауқымды жаңғыруға мүмкіндіктер ашып берді.

«Біздің мемлекетіміздің байлығы белгілі бір тұлғалардың емес, барша халықтың меншігі. Сондықтан біздің басты міндетіміз - барлық тұрғындардың әл-ауқатын көтеру», – деді Тоқаев.

Ол жаңадан құрылған экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырдандырылуына қарсы мәселелер жөніндегі ведомоствоаралық комиссияны «нәтиже шығаруға жұмыс істеп, белсенділік танытуға» шақырды.

Айтпақшы, Қазақстанда экс-президент отбасы мүшелерін қамауға алу басталып кетті.

13 наурыз күні Назарбаевтың інісінің баласы Қайрат Сатыбалды (Назарбаев) қамалды. Оған елдегі телекоммуникация саласындағы монополист – «Қазтелеком» АҚ-да  қызмет бабын асыра пайдаланып, аса ірі көлемде талан-таражға салды деген айып тағылып жатыр. Президенттің қызы Дариға Назарбаеваның азаматтық күйеуі Қайрат Шәріпбаев та жемқорлық бабымен тергелуде.

Қоғамды бұдан әрі дамытудың мәселелері 16 маусым күні өтетін Ұлттық құрылтайда талқыланатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама