«Болашақ» бағдарламасы жабыла ма – министр пікір білдірді

Дәурен Ерболат

Бағдарламаға жаңа өзгерістер енгізіледі

фото: Halyq Uni

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасын жабуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сенат кулуарында журналист министрге «Елімізде «Болашақ» бағдарламасының жұмыс істеп жатқанына 30 жыл болды. Шетелде мамандарды оқытып, дайындап жатырмыз. Осыған қарамастан Қазақстан экономикасы әлі дамымай жатыр. Күнімізді шикі мұнайды сатып көріп отырмыз. «Болашақ» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді ме? Оны жабу қажет пе?» деген сұрақ қойды.

Саясат Нұрбек бағдарлама өзектілігін жоғалтпағанын жеткізді.  

«Болашақпен» өте көп маман оқыды. Қазір олар өз қызметтерін атқарып жатыр. Оның ішінде хирургтер, инженерлер, ұстаздар бар. Өкінішке қарай, (олардың жұмысы – автор) көрінбейді. Қазір біз «Халықаралық бағдарламалар орталығына» тағы тапсырма береміз. Сол қарапайым қызметкерлерді шығарып, (жұмысын – автор) көрсету керек. Менің жеке пікірім, бізге («Болашақ» бағдарламасы) әлі керек. Қазір президент тапсырмалары бар. Жаңа стратегиясы пысықталып жатыр, – деді министр.

Басшы «Болашаққа» қандай өзгерістер енгізілетінін айтты.

«Мысалы, келесі жылдан бастап жасанды интеллект бойынша арнайы квота мен Split PhD деген бағдарлама енгізіледі. Бұл шетелдік университеттерді қолдау үшін керек. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы қажет. Бізге әлі тиісті кадрлар жетіспейді. Бізде сарапшылар қалыптаспаған бағыттар бар: жасанды интеллект, ядролық энергетика секілді. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасын мамандандырылған бағытқа бұрамыз. Ол жұмыс істей береді», – деді Саясат Нұрбек.