Аймағамбетов жаңа Салық кодексінің кемшіл тұстарын атады
Депутат қауіпті нормаларға назар аударды
Жаңа Салық кодексі қарапайым халыққа қосымша қаржылық жүктеме әкелуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Депутат қазақстандықтар үшін өмірлік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігіне кері әсер ететін қауіпті нормаларға назар аударды.
Тұрғын үй бағасының өсуі. Тұрғын үй сату кезінде ҚҚС (НДС) жеңілдігінің алынып тасталуы тұрғын үй бағасының өсуіне алып келу қаупі жоғары. Бұл азаматтарымыз үшін пәтер сатып алуды қиындатып, жалға алу құнының да өсуіне ықпал етуі әбден мүмкін. Дәрі-дәрмектер мен олардың өндірісіне қажетті материалдарды ҚҚС төлеуден босатылған тауарлар тізімінен алып тастау олардың қымбаттауына әкеледі. Бұл әсіресе тұрақты медициналық қолдауды қажет ететін азаматтарға ауыр тиеді. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға бұл қиындық тудыруы мүмкін, – деп жазды Асхат Аймағамбетов телеграм арнасында.
Сондай-ақ, ол медициналық қызметтерге қосымша құн салығын енгізу медициналық қызметтердің қымбаттауына алып келуі мүмкін екенін атап өтті.
Депутат тағы бір қауіпті норма ретінде ҚҚС-тан босатылған кейбір қаржылық операцияларды алып тастау жағдайын атады. Айтуынша, осының салдарынан банктік аударымдар, зейнетақы қорларының қызметтері, төлем карталары бойынша операциялар сияқты қызметтердің құны артуы мүмкін. Бұл жағдай кейбір азаматтарды қолма-қол ақшаға көшуге итермелеуі ықтимал.
Жалпы, осы нормалардың барлығының іске асырылуы қарапайым халыққа қосымша қаржылық жүктеме әкеліп, көптеген негізгі қызметтер мен тауарлардың қолжетімділігін төмендетуі мүмкін, – деп түйіндеді сөзін Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетсек, бұған дейін жаңа Салық кодексі аясында қазақстандықтың 1 теңге қарызы болса да есепшотын бұғаттамауды көздейтін норма енгізу жоспарланғанын хабарлаған болатынбыз.