Атом энергетикасын дамытуда Курчатов қаласының рөлі маңызды, - дейді ол
Сенат депутаты Андрей Лукин АЭС-ті Семей полигоны аймағына салуды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында ол атом электр станциясын Абай облысының Курчатов қаласына салуды ұсынды. Айтуынша, Семей ядролық полигоны болған уақытта сол маңда атом энергетикасы бойынша ғылыми орталықтар жұмыс істеген болатын.
Бұл орталықтар әлі де қызмет атқарып келеді. Тіпті, бүгінде қала бюджетінің тең жартысы осы ғылыми нысандардың салықтық түсімдерімен толығып отыр.
Атом энергетикасын дамытуда Курчатов қаласының рөлі маңызды. Қала сейсмикалық тұрақты аймақта орналасқан, дамыған желілік инфрақұрылым бар және энергетикалық қуатты апаттық жағдайда резервке алу мүмкіндігі жоғары. Станция салуға ғылыми-техникалық қолдау көрсететін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, радиоактивті қалдықтарды сақтауға қажетті ресурстар жеткілікті, су тапшылығы да болмайды, – деді Андрей Лукин.