Halyq Uni логотип
×

Балалар мектептен кеш қайтады: сабақ уақытын қысқартуға бола ма?

Қауіпсіздікпен қатар, білім сапасы да сақталуы шарт

 Халық үні 06.11.2024 | 20:25
Балалар мектептен кеш қайтады: сабақ уақытын қысқартуға бола ма?
фото: Halyq Uni

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сабақтан кеш шығатын балалардың сабағын қысқартуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның айтуынша, екі ауысымда оқитын мектептерде сабақ уақытын қысқартуға болмайды. Білім басқармалары сабақты тек ыңғайлы уақытқа қоя алады. Ал үш ауысымдық мектепте сабақ уақытын қысқартуға рұқсат беріледі. Мәселен, Павлодардағы 7 мектепте 40 минуттық сабақ өткізуге рұқсат беріледі. Бірақ артынан қысқартылған уақыттың өтелуі шарт.

Үш ауысымдық мектептерден бөлек, қатты қажеттілік болса, сабақты қысқартуға болады. Бірақ қысқартылған сабақтың 5 минуты каникулда немесе жазғы уақытта өтелуі керек. Себебі қауіпсіздікпен қатар, білім сапасы да сақталуы шарт. Естеріңізде болса, пандемия кезінде солай істедік. Бір жыл 40 минуттан оқыдық. Сол кезде 5 минут «ұрланды». 5 минутта берілетін білім қайда кетті, оның бәрін қайтадан қалпына келтіру керек дегеннен кейін жаздық мектептерді ұйымдастырдық, - деді министр.

Осы орайда ол екінші ауысымнан кейін қараңғы тез түсетін аймақтарды да білетінін жеткізді.

Мен барлық аймақтың басшыларымен хабарласып отырамын. Әсіресе, батысқа қарағанда бұл мәселе шығыста жиі көтеріледі. Оны мен де жақсы білемін. Ол жақтағы әріптестермен хабарласқанда жаппай шағымның жоқтығын айтты. Бірақ осы мәселені үнемі бақылауда ұстап отырмыз, - деп түйіндеді сөзін Ғани Бейсембаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама