Нұрлан Ұранхаев халықтың бағасы маңызды екенін айтты
Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаев рейтинг үшін жұмыс істемейтінін, аймақ басшылары арасындағы тізімге мән бермейтінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысына «Жуырда БАҚ-та облыс әкімдерінің рейтингі жарияланды. Онда сіз көш бастап тұр екенсіз. Кейде осындай рейтингтер әкімшілік тапсырысы бойынша жасалады. Осы рейтингте 1-орын алып тұруыңыз жасандылық емес пе? Өзіңізді үздік әкім деп есептейсіз бе?» деген сұрақ қойылды.
Нұрлан Ұранхаев мұндай тізімге мән бермейтінін атап өтті.
Маған осы рейтингтің болғанынан болмағаны жақсы. Себебі рейтинг болмаса, осындай сұрақтар туындамайды. Басқа әріптестерімді менен кем деп санамаймын. Біз осы рейтинг үшін жұмыс істеймейміз. Бізге кім не десе де, халықтың бағасы маңызды. Мұндайда дана Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мақтанға салынба, мансаптың тағы үшін» деген сөзі бар, - деді облыс әкімі.
Ол өзін басқа өңірдегі әріптестерінен жоғары қоймайтынын жеткізді.
Тең жүрген әріптестерімнен (арасынан шығып) «мен олардан жақсымын» деп айтуға бармаймын. Сондықтан шындықты айту керек. Баспасөз хатшыма «Осы қайдан шығып жатыр, кім оны жасап жатыр?» деп айтқамын. Мен оны білмеймін. Егер басқа рейтинг шығатын болса, мен оған қарамаймын. Сондықтан мен өзімді біріншімін деп есептемеймін, - деді Нұрлан Ұранхаев.