Киностудия БАҚ-та тараған мәліметті жоққа шығарды
«Қазақфильм» киностудиясы жер учаскесін сату және өткізу режимінің қатаңдатылуы туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы соңғы күндері Рысқұлов даңғылы, 101Б мекенжайында орналасқан жер учаскесі мен бұрынғы «Қазкино» кешенін сату туралы таралған мағлұмат шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді. Қазіргі уақытта учаске мен ғимарат киностудия меншігінде және сатуға шығарылмайды», – деп жазды Қазақфильм әлеуметтік желідегі жазбасында.
Аталған учаскеде авариялық жағдайда тұрған ғимарат анықталды. Бұл киностудия мамандарының бірнеше рет жүргізген тексерулерінде расталды. Аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қазақфильм» Алматы қаласы әкімдігінің өкілдерін тарта отырып, кешенді сараптама жүргізуді бастады. Сарапшылардың қорытындысы бойынша осы ғимаратты қауіпсіз пайдалану үшін қажетті шешімдер қабылданады. Жер учаскесі мен кешенді сату туралы барлық мәлімет – жалған. Бұл жалған ақпарат әрі қарай таралған жағдайда сотқа жүгінуге құқығымыз бар, – деп қосты киностудия.
«Қазақфильм» киностудиясы аумағындағы өткізу режимінің қатаңдатылуы туралы хабарламалар да шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы өткізу жүйесі қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және киностудия мүлкін қорғауға арналған. Мұндай шаралар әлемдегі барлық киностудияда қалыпты тәжірибе болып саналады, әрі ұрлық, өртеу және басқа да оқиғалардың алдын алу үшін қажет. Жақында енгізілген қауіпсіздік шаралары студия аумағында болған өрт пен қызметкерлерге жасалған шабуыл сияқты оқиғаларға жауап ретінде қолға алынып, студияда жұмыс істейтіндердің барлығын қорғауға бағытталған.
Сонымен қатар, киножобаларды қаржыландыру туралы мағлұматты түсіндіруді жөн көрдік. 2023 жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 18 жобаны өндіріске жіберіп, олардың 10-ын 70%-дан астам қаржыландырды. Оның ішінде екі жоба 100% қаржыландырылды. Ал қалған сегіз жоба 50%-дан төмен қаржыландыру алды. Алайда олардың бірқатарына аралық төлемдер жасалды. Кейбір жобаны қаржыландырудың кешігуі Қазынашылық комитеттің кеш қаржы бөлуімен байланысты. Бұнымен бірге, кешіктірілу есептердің уақытылы тапсырылмауымен де байланысты, бұл келесі транштарды алу үшін қажетті шарт.
«Қазақфильм» киностудиясы жалған мәлімет тарату Қазақстан заңнамасына сай жауапкершілікке әкелетінін еске салады. Біз ақпарат беруде дәлдікті сақтауға шақырамыз, және беделімізді қорғау, жалған мағлұмат таратқандарды жауапқа тарту үшін тиісті органдарға жүгінуге құқылымыз», – деп түйіндеді Қазақфильм.