Halyq Uni логотип
×

«Қорлама, ұлтанды елді, қорлама»: журналист билікке жанайқайын айтты

Еститін Үкімет Торғайға келгенде керең

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2022 | 13:39
«Қорлама, ұлтанды елді, қорлама»: журналист билікке жанайқайын айтты
коллаж: Halyq Uni

Белгілі журналист Анар Төлеухан  ЮНЕСКО көлемінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына байланысты өткізілетін іс-шаралардың дайындығы лайықты деңгейде жүргізілмей жатқанын сынға алды

Оқырмандар назарына қаламгердің Facebook-те жариялаған жазбасын ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Ол материалын «Президент пәрменді тапсырма бермей ме, әлде берген тапсырмалары мен айтқаны орындалмай ма?», деген жолдармен бастап әрі қарай Алаштың ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына байланысты өткізілетін іс-шаралардың дайындығының кемшін тұстарын атап көрсетті.

Жасыратыны жоқ осы уақытқа дейін қанша жерден тәуелсіз ел аталғанмен Алаш ардақтылары еңбектерінің қасақана ескерілмей келгені шындық. Өйткені, Алаш айтылған сайын, зерттелген сайын «алғашқы» атанғысы келген жанның кейінге ысырылатыны ақиқат еді. Сондықтан да жартылай жарыққа шығып, жартылай шындық айтылып, оған көпшіліктің көңілін де үйреткен. Тек шын зерттеушілер, тарихты бұрмалауға қарсы ғалымдар Алаш жайында толғана сөйлеп, толқи жазып, ел-жұртқа жария еткенімен билік сол самарқау қалпынан жазбайтын. Үстінен басқан зіл мен жең ұшынан жалғасқан сыбайластық, жемқорлық пен заңсыздыққа көндіккен жұрт әлі де үндемей жүре берер ме еді, тек «Жаңа Қазақстан» құрып, қателіктерді жөндеп, тарихи болсын, өмірде болсын әділдік салтанат құрар қоғам құрылады деп биік мінберден айтылмаса.

Айтылды. Айтылғанына ел куә.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтуге байланысты Үкімет арнайы 60-тан астам іс-шаралар мен ұлт көсемі, ұлт ұстазын ұлықтауға қатысты қадау-қадау жұмыстар атқармақ болатын. Ішінде Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында Байтұрсынұлының еңселі ескерткішін орнату, кіндік қаны тамған Сартүбекте туған үйінен музей жасау, ауылына жол салу, әкесі Байтұрсынның басын абаттандыру, қоршау сынды қаржы бөлінбей жасалмайтын шаруаларды көргенде, көңілге қалай іс болып шығар екен деп қауіп кірген. Бірақ шаралардың атқару барысына Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жауап береді дегенге билікте қазақша сөйлегенде тілінен бал таматын, сөз қасиетін таныр азамат Ахметтей алыпқа қиянат жасамас деген де ой болған.

Төлен аға Әбдік алыптың тойына дайындық барысын сөйлесуге сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың арнайы алдына барған. Обалы не керек Қырымбек мырза ұлтының ертеңі жолында құрбан болған асыл үшін білек сыбана жұмысқа кіріскен еді. Бірақ қызмет ауысып, ол орынтаққа Ерлан Қарин отырғалы сол қимыл бірден пәсейген. Жақсы ниеттің барлығы қағазға ғана басылып, іс жүзінде шаруа атқарылмайтыны күн өткен сайын айқындалып келеді. Мемлекеттік саясатта ұлт ұстазына орын жоқ екен. Сириядан содырларды елге әкелуде ілкімділік танытып, «Жусан» операциясын жусатқан Ерлан Тынымбайұлының тіл білімінің негізін қалаған, тұтас ұлтқа шамшырақ жаққан тұлғаға құрметі кемшін болғанын немен түсіндіруге болады? Әттең Ахмет балағын шорт кесіп, сақалын желкілдетіп, қолына қару ұстап, жат жерде соғыспаған екен дейміз бе? Ұлттық идеология, ұлттық ұстын, ұлттық мұрат қайда қалды өзі? Кімнің жыртысы жыртылып, кімнің жоғы жоқталып жүр? Ахмет Байтұрсынұлының осыншалық аяқасты болатындай жазығы бар ма еді?

Қыркүйек айының 5-не дейін шамалы ғана уақыт қалды. Сартүбектегі мемлекет есебінен салынатын құрылыс басталған да жоқ. Жолдың бір шақырымы жасалмақ түгіл, ұштығынан пұштығы да жоқ. Ол өзі әуелден толық салынбайды, қаражат жоқ деген сылтау табылған. Биыл төселмеген жол қашан салынар? Алдамай екеніне көз жетіп отыр. Есесіне ауылдағы зейнеткерлер қолдарындарындағы малын, студент шәкіртақысы, стипендиясын салып, 11 млн жинап, зиярат жасар зираты да жоқ асылға сонау Маңғыстаудан тас әкеліп белгі салдырған. Ахметтей асылдың ауылына 5 млрд ақша таппаған Үкіметтен зейнеткерлер ақшалы, зейнеткерлер бай екен. Тізімді көргенде көзіме жас келген. Байтұрсынұлының 150 жылдығында ауылына жол тартқанша елорданың атын сан рет ауыстыруға ақша тапқыш Үкімет, бүгін ел басқарған билік сенің барың не, жоғың не?

Сірә, сірескен сеңнің көбесі сөгілмеуіне қарағанда президенттің өзінен пәрмен жоқ па дейміз. Әйтпесе, бұл не? Әлде айтқанын тыңдата алмай ма? Торғай өңірін тұқыртып, жүзін төмен салдырып қойғаны және бар. Тарихи әділеттілік тек Торғайға келгенде ысырылады екен. Әлі күнге президент осы өлкенің дамуына қатысты бір ауыз сөз айтқан емес. Орталықты Батыспен жалғар тас жол ол салынбайды, жол жоқ жерге қайдан инвестор келеді? Арқалықтың, Торғайдың жағдайы ауыр. Мұңын шағайын десе еститін Үкімет Торғайға келгенде керең. Тиіп тұрған Ырғыз бен Әуликөлден газ тартылмайды. Торғайдан басқаның бәрінде тіршілік болуына мүдделі Үкімет бар, ал Торғайға тірелгенде тас қамал. Торғаймен шектес Ырғыз бен Қарағандының, Қостанайдың төл аудандарының ауылдары жайнап тұр, ал Торғай үлкен қиналыста.

Амалымыз қалмады, ашынғаннан шығады ащы даусым дегендей, төзім шырқау шегіне жетті. Торғайға бетіңді бұр, билік! Қорлама, ұлтанды елді, қорлама,  Алаштың Ахмет Байтұрсынұлындай асылын!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама