×

«Салафизмге қатысым жоқ. Бекболат Тілеухан - ағамыз». Ғылым министрі діни сенімі туралы айтты

Министр атасы Семейде имам болғанын айтты

 Дәурен Ерболат 14.06.2022 | 11:26
Саясат Нұрбек, Ғылым министрі

11 маусымда Білім және ғылым министрлігі екі ведомствоға бөлініп, Ғылым министрі болып Саясат Нұрбек тағайындалды. Бүгін министр ретінде Үкімет отырысына алғаш рет қатысқан Саясат Нұрбек ант берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Үкімет отырысынан кейін жаңадан құрылған ведомствоның басшысы журналистердің сұрағына жауап беріп, діни сеніміне, бұрынғы Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханмен байланысына қатысты пікір білдірді.  

«Құдайға шүкір, мен мұсылманмын. Салафизмге ешқандай қатысым жоқ. Менің атам мен әжемнің қолында өскенімді білесіздер.... Атам Нұрбек Семей қаласында имам болған… Сондықтан кішкентай кезімнен ислам дініне жақын адаммын. Бірақ ешқандай радикалды ағымдар - секталарға, салафизме қатысым жоқ. Оны ашық айту керек», - деді министр Үкімет отырысының кулуарында.

Сондай-ақ министрі бұрынғы Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухановпен бірге түскен фотосына қатысты түсінік берді.

Бекболат ағамызбен жастарымыз да фотоға түскен шығар. Олардың барлығын салафит деп айтуға болмайды. Бекболат - біздің ағамыз, ақын, өнер адамы. Оны өнері мен ақындығы үшін құрметтеймін, қадірлеймін, - деді Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, Саясат Нұрбек 1981 жылы 18 мамырда Семей қаласында дүниеге келген.

Маршаллтаун колледжін (АҚШ) саясаттану мамандығы бойынша бітірді, Еуразия ұлттық университеті. Л.М. Гумилев «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша, Ла Сапиенца (Италия) университеті геополитика магистрі дәрежесінде, «Көкше» академиясы психология бакалавры. АҚШ, Сингапур, Бельгия, Жапония, Голландияда тағылымдамадан және біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

2000-2001 жылдары, Конгрессмен Марк Смит көмекшіcі (АҚШ), Айова штатының үкіметінде (АҚШ) қызмет атқарған.

2002-2004 жылдары, Қазақстанның жастар саясатының іске асырылуына белсенді қатысты.

2006-2009 жылдары «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ инвестициялық жобалар саласында жұмыс істеді, ҚР Президенті әкімшілігінің кадр саясаты секторының меңгерушісі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының халықаралық ынтымақтастық және ғылым жөніндегі проректоры, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ департамент директоры, кадр саясаты және басқару жөніндегі атқарушы директор болып қызмет атқарды.

2009 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры болып тағайындалды.

2010 жылдың қараша айынан 2013 жылдың қыркүйегіне дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті.

2013-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры болып жұмыс істеді.

2015-2016 жылдары Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін атқарушы.

2016 жылдың шілдесінен бастап Астана Халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры, басқарма мүшесі болып тағайындалды.

2019-2022 жылдары National Geographic Kazakhstan ізгі елшіcі, BTS Education компаниясының басшысы. 2022 жылдың ақпан айынан маусым айына дейін Мәжіліс депутаты болды.

 Қазақ, орыс, ағылшын, түрік, итальян, испан, жапон және латын тілдерінде сөйлейді. Үйленген. Үш баласы бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама