«Бұрын ұятқа қалмайық деп шығатын». Сарапшылар ұлттық құраманың жетістігіне әсер еткен факторларды атады
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы жеті матч бойы жеңілген жоқ
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жеңіліссіз сериясы 7 матчқа созылды. Соңғы рет ұлттық құрама 2021 жылдың 14 қарашасында Катарда өтетін футболдан әлем чемпионатының (2022 жылы) іріктеу сынында Франция құрамасынан 8-0 есебімен ойсырай жеңілген еді.
Сол бір жеңілістен кейін Қазақстан құрамасы Тәжікстанмен жолдастық кездесу өткізіп, 1-0 есебімен басым түсті.
Ақпан айының соңында Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) жаңа президентін сайлау өтті. Жасырын дауыс беру нәтижесінде қарағандылық «Шахтер» футбол клубы директорлар кеңесінің төрағасы Әділет Барменқұлов жеңіске жетті.
Наурыз айының басында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кетіп, оның орнын қазақстандық футбол жанкүйерлеріне танымал 41 жастағы маман Андрей Карпович басты. Ол Ұлттар лигасының С категориясына жолдама алу үшін Молдова құрамасымен 2 матч өткізіп, сырт алаңда басым түсіп, өз алаңында тең ойнады. Алайда, федерация басшылығы Карповичке одан әрі мүмкіндік берген жоқ.
Мамыр айының басында Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері лауазымына ресейлік маман Магомед Адиев тағайындалды. Магомед Адиев 2010 жылдан бастап «Ахмат», «Анжи», «Чайка» командаларын жаттықтырған. 2021 жылы қарағандылық «Шахтер» футбол клубының бас бапкері қызметін атқарып, УЕФА Конференция лигасының плей-офф кезеңіне жетті. Сонымен қатар қарағандылық ұжымды Қазақстан Кубогының финалына шығарды.
Команда тізгінін Магомед Адиев ұстағалы Қазақстан құрамасы 4 матч өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетті. Қазір Ұлттар лигасының С тобында 10 ұпаймен көш бастап, Словакия, Әзербайжан, Беларусь құраламаларынан алда тұр. Қазақстан құрамасы төрт матчта 6 гол салып, қақпасына 2 гол жіберді.
Ұлттық құраманың соңғы жетістігіне қатысты Halyq Uni тілшісі бірқатар сарапшының пікірін алып, команданың жақсы нәтиже көрсетуіне нақты қандай факторлар әсер еткенін білді. Футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен бірінші кезекте МІНЕЗ туралы айтты.
«Федерация басшысы ауысқан соң өзгеріс басталды. Ұлттық құрамалар департаментінің басшысы ауысты. Ойыншылардың ұшуы, сапары, жататын орны, ішетін асы, жаттығатын жері дұрыс ұйымдастырыла бастады. Бұл ойыншыларға қатты әсер ететін фактор. Олар тек алаңсыз футболды ойлап, көңілі тоқ жүрді.
Екінші фактор – бас бапкер. Магомед Адиев ең алдымен футболшылардың мінезін өзгертуге кірісті. Психологиясын өзгертіп, команданың ойын стиліне сай келетін футболшыларды шақырды. Тактикасына сендіріп, профилге сай келетін ойыншыларды құрамаға алды. Жылдам футболшыларға басымдық берді. Тек қорғаныста ойнамай, шабуылдап гол салуға үйретті. Қандай қарсылас болса да, тек қорғаныста жатпау керегін сіңірді.
Адиев Қазақстан чемпионатын бес саусағындай біледі. Кімдер жақсы ойнап жүргенін, ойын философиясына кімдер сай келетінін зерттемей ақ білді. Штабы да мықты. ҚПЛ-ды жақсы білетін мамандарды айналасына топтастырды. Команданың ішкі атмосферасын реттеді. Негізгі құрамға ілінбей қалған ойыншылар да жанын салып жүр. Алаңға шықпаса да жан-тәнімен жаттығу жасап жүр. Команданың жетістігіне әсер еткен басты факторлардың бірі парасы осында», - дейді Ермұхамед Мәулен.
Тағы бір футбол сарапшысы Ербол Каировтың да пікірі осыған саяды. Ол команданың ішкі атмосферасы қатты өзгергенін айтты.
«Үнемі командамен бірге жүрміз, матчтарға дайындығын көреміз. Команданың ішкі атмосферасы қатты өзгерді. Бұрын мықты қарсыласты міндетті түрде жеңу керек деген мақсат болмаған, сенім де болған жоқ. Ойыншылар тек жақсы ойын көрсетеміз, елімізді ұятқа қалдырмайық деп алаңға шығатын.
Магомед Адиев аз уақыт ішінде бәрін өзгертті. Өздеріне, командаластарына сенім пайда болды. Түбі тек мотивация ғана емес, тактика жағынан да үлкен прогресс бар екенін көріп отырмыз. Қазірдің өзінде де ойыншылар ірі жарысқа шығамыз деп іштей де, киім киінетін бөлмеде де айта бастайды. Сол нәтижеге жету үшін тер төгіп, еңбек ету керек. Енді бәрі қыркүйек айын асыға күтеді. Оны бапкер де айтты. Сену керек, қолдау керек», - дейді Ербол Каиров.