10 адамның 8-і жұқтыратын инфекция: гинеколог адам папилломасы вирусы туралы айтты
Елімізде АПВ-ға қарсы вакцина 11-13 жастағы қыздарға салынады
Елімізде он адамның сегізі адам папилломасы вирусын жұқтыруы мүмкін. Алайда оның бәрі жатыр мойны обырына душар болмайды. Бұл туралы Halyq Uni алаңында акушер-гинеколог Жанерке Әжетова айтты.
11-13 жас аралығындағы қыздар инфекция жұқтыруға бейім болады. Адам папилломасы вирусы (АПВ) тек жыныстық жолмен берілмейтінін түсіну керек. Вирус тұрмыстық жолмен, қол арқылы да беріледі. АВП ылғал жерде жиі тарайды. Кішкентай қыздар бассейнге, моншаға барады. Физиологиялық тұрғыдан инфекцияны жұқтыру дейгейі жоғары болып келеді. 10 адамның сегізі адам папилломасы вирусын жұқтыруы мүмкін, бірақ оның бәрі ауру болмайды. Оның ішінде 1-2 адам ауруға душар болады. Бұл – 25 жасқа дейінгі қыздар мен жігіттердің арасында өте жиі кездесетін инфекция. 25 жасқа дейін иммунитеті болуы үшін, инфекцияны жұқтырмауы үшін вакцина керек, - дейді акушер-гинеколог Жанерке Әжетова.
Маманның айтуынша, көптеген ел вакцина салу үшін 11-13 жастағы қыздарды таңдап отыр.
АҚШ, Еуропа елдері, көрші Өзбекстан, Қырғыз Республикасы да 11 жастап бастап вакцина салып отыр. (...) Инфекция тұрмыстық жағдайда адаммен құшақтасқан кезде, анасы баласын сүйген кезде, сүйісу арқылы жұғады. Инфекция жұғатын тағы бір жағдай – өз-өзінен жұқтыру. Қандай бір инфекция тұрса, қырынса, депиляция жасаса, әрі қарай жұқтыру мүмкін. Кей жағдайда босану кезінде анадан балаға беріледі, - дейді Әжетова.
Алайда маман АВП-ның қандай жағдайда жұқтырғанын анықтау мүмкін емес екенін айтады.