9,7 млрд теңге және қатерлі ісік: Қазақстан оқушы қыздарға неге вакцина салып жатыр?

Айгерім Таубай

Мамандар әлемде себебі анықталған ісіктің жалғыз түрі туралы да айтты

Елімізде қыркүйекте 11-13 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина салу басталды. Мамандардың айтуынша, АҚШ-та өндірілген вакцина АПВ-ның 4 түріне қарсы қуатқа ие. Бұл жатыр мойны обырының алдын алу үшін жасалып жатқан шара. Ел бойынша 175 мың жасөспірім қызға вакцина салынуы керек, қазірге дейін тек 36 мың баланың ата-анасы рұқсат берген. Бұл туралы Halyq Uni YouTube арнасында денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Мәдина Орысбаева мен акушер-гинеколог Жанерке Әжетова қонақ болды. Сала мамандары вакцинаға қатысты сұрақтарға жауап берді.

Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаны сатып алу процесі 2023 жылы басталды. Мемлекет қаржысына 9,7 млрд теңгеге 350 мың дозасы сатып алынды. Жоспар бойынша 11-13 жастағы 175 мың қызға вакцина салынады. (...) Қыздарды вакциналау әр өңір өзінің дайындығына, ата-аналардың жүгінуіне байланысты жүріп жатыр. Оны не көп, не аз деп айта алмаймыз. Басқа елдердің тәжірибесіне қарасақ, алғашқы жылы қыздардың 50-70 пайызы ғана вакцина салдырған, - дейді Мәдина Орысбаева.

Вакцина жатыр мойны обырының алдын алу үшін салынады. Жанерке Әжетованың сөзінше, бұған дейін бұл дертке қарсы елімізде тек скрининг жүргізілген.

30 жасқа толған қыз-келіншектер 4 жыл сайын жатыр мойнының қатерлі ісігінің бар-жоғын анықтауға анализ тапсырады. Ол кезде қандай да бір күмән болса, әйелді шақырып, әрі қарай толығырақ тексереді. Алдымен адам папилломасы вирусының бар-жоғын анықтайды. Әлемде себебі анықталған ісіктің жалғыз түрі – жатыр мойнының обыры. Басқа қатерлі ісіктердің себебі анықталмаған. Тексерістен кейін қажет болған жағдайда өзгеріс пайда болған жерді кесіп алып тастайды. Кейде жатырды толық алып тастайды. Сондай жағдайда әйел бала көтере алмайды. Сол кезде бедеулік болады, - дейді акушер-гинеколог.