Биыл жазда ондағы температура +10 градусқа дейін барған
Эксетер және Хертфордшир университеттерінің британдық ғалымдары жаһандық жылыну жағдайында Антарктиданың қарқынды түрде жасыл желекке оранып жатқанын анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Nature Geoscience журналында жарияланған зерттеу нәтижелері 1986 жылдан 2021 жылға дейін Антарктика түбегіндегі өсімдік жамылғысының ауданы 1 шаршы шақырымнан 12 шаршы шақырымға дейін ұлғайғанын көрсетті.
Сарапшылар соңғы бірнеше онжылдықта спутниктік мәліметтерді зерттеп, континенттің бұрын адам қоныстанбаған аймақтарын мүк басқанын анықтады. Эксетер университетінің докторы Томас Роланд бұл туралы арнайы мәлімдеді.
Антарктида әлі де қар мен мұз жамылған, оның бетінің аз ғана бөлігінде өсімдіктер бар. Дегенмен бұл шағын аумақтың өзі күрт көтеріліп, тіпті ең шалғай аудандардың да климаттық өзгерістерге бейім екенін көрсетті, – дейді ол.
Ғалымдардың пайымдауынша, Антарктидадағы өсімдіктердің одан әрі өсуі полярлық топырақты жақсартып, флораның басқа түрлерінің пайда болуына жағдай жасайды. Зерттеулер жалғасып жатыр. Ал қазіргі топ мұздан арылған ландшафттарда жаңа өсімдіктердің қалай өсетінін және бұл үдеріс болашақта қалай дамуы мүмкін екенін зерттеп жатыр.
Бір қызығы, биыл жазда Антарктидадағы ауа температурасы жоғары деңгейге жетіп, +10 градусқа дейін барған.