Команданы өзіміз сыйламасақ, ешкім сыйламайды – Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы
Словакияның әлсіз тұстары жоқ

Бүгін кешкі сағат 20.00-де «Астана Арена» стадионында футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы Словакия командасымен UEFA Ұлттар лигасының төртінші турында кезекті матчын өткізеді.
Матч басталар алдында Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев Словакиямен БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– Ойынға дайындық қалай?
– Үлкен дайындық болды деп айта алмаймын. Үш ойыннан кейін жігіттердің функционалды және психологиялық тұрғыдан өз-өздеріне келуін қадағаладық. Словакиямен матчқа дейін әлі бір күн бар. Біз осы уақытты тиімді пайдалануға тырысамыз.
– Қосалқы құрамнан шығып жүрген Шушеначев пен Жарынбетов ойынды күшейте алмай жатыр. Жұмабек, Самородов секілді ойыншыларды шығару жоспарыңызда бар ма?
– Сіз дұрыс байқадыңыз. Бұған дейін жақсы өнер көрсетіп жүрген Самат Жарынбетов Беларусьпен ойынға қатыса алмады. Бірақ, қосалқы құрамнан шыққан ойыншылар матчта бар күштерін салды. Біз кездесудің соңғы 20 минутында ойынымызды жоғалтып алдық. Себебі, команда шаршады. Сондықтан алаңға шыққан ойыншылар ойынды күшейте алмады. Мен командада жүрген барлық футболшыға сенім артамын. Дәл қазіргі сәтте біз бір отбасыға айналдық. Оларды жанкүйерлер сынаса, айыпты маған тақсын. Себебі, ойыншыларды алаңға шығару туралы шешімді мен қабылдадым.
– Словакия құрамасының мықты және әлсіз тұстарын айта аласыз ба?
– Команда үздік ойыншылардан жасақталған. Мен мұны бұған дейін де айтқан едім. Әсіресе, шабуыл шебіндегі креативті ойыншылар мен қос қапталдағы қорғаушыларын ерекше атап өтер едім. Алаң ортасында шабуылды бастап беретін Лоботка бар. Ал Словакияның әлсіз тұстарын айта алмаймын. Өйткені, ол менің командам емес.
– Қазақстанның қазіргі құрамы бұрынғыдан несімен ерекшеленеді?
– Бұл сұраққа Словакиямен ойын аяқталған соң жауап бергім келген еді. Мен ұлттық құраманы қабылдаған кезде бір журналист команданы әлсіз деп айтты. Мен олай ойламаймын. Егер Қазақстан құрамасын біз сыйламасақ, онда команданы басқа ешкім де құрметтемейді. Жігіттерді әлсіз деп айтуға болмайды. Қосалқы құрамнан шыққан футболшылар да ойынға жақсы қосылып жүр. Футболда жеңіспен қатар, жеңіліс те болады. Ең бастысы, командадағы футболшылар жүрекпен ойнауы қажет. Қарсыласты да құрметтей білуіміз керек. Егер мұны жасау қолымыздан келсе, Қазақстан құрамасының деңгейі айтарлықтай өседі.
– Матчта кім капитан болады?
– Бұл міндетті Асхат атқарады. Өкінішке қарай, Қуат бұл ойынға қатыса алмайды. Бірақ, оны алмастыратын ойыншылар жеткілікті. Тағыберген бізбен бірге жаттығып жүр. Енді ойын алдында ешқандай жағдай болмаса, ол алаңға шығып, капитандық міндетті өз қолына алады.
– Словакияның бас жаттықтырушысы Қазақстанмен ойыннан кейін өз орнын босатты. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Өте өкінішті. Оның қайтадан бапкерлік жұмысқа оралуына тілектеспін. Оны жақсы түсінемін. Себебі, жаттықтырушының қандай жауапкершілік арқалайтынын жақсы білемін. Словакияның Әзербайжанмен өткен ойынын тамашаладым. Жаңа жаттықтырушы өзгерістер енгізген екен. Бірақ, ойын стилінің сол күйінде қалғанын байқадым.
–Словакиямен ойыннан кейін фаворит өзгере ме?
– Мен турнир басталмас бұрын Словакияның фаворит екенін айтқан едім. Мұны топтағы басқа командалар да растады. Бәрі ойыннан кейін белгілі болады.