×

Климаттың өзгеруі мен жаңа құндылықтар: CONNECTED сарапшылары әлемнің болашағын талқылады

Сарапшылар болашақ туралы жаһандық нарративтерді сөз етті

 Халық үні 18.10.2024 | 18:00
Фото: CONNECTED-2024 ұйымдастырушылары

Әлемнің болашағы қандай болады? Астанада өтіп жатқан CONNECTED халықаралық конференциясында сарапшылар осы сұраққа жауап іздеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Конференцияның «Болашаққа саналы көзқарас: дүниетанымдық қатынас» атауымен өткен сессияда спикерлер тұрақты даму мен сыртқы әлеммен үйлесімділікке ұмтылуда жеке және ұжымдық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болатынын талқылады. Сондай-ақ қазіргі құндылықтармен уақыт сынақтарына сәйкес келетін болашақты құру үшін қандай қадамдар жасау қажет деген сұраққа қатысты пікір білдірді.

Сессия модераторы журналист, тележүргізуші, CNN International, Al Jazeera English (Ұлыбритания) бұрынғы басшысы Риз Хан қазір әлемнің үлкен өзгерістердің алдында тұрғанын атап өтті. Климаттың өзгеруі, әлеуметтік теңсіздік, қарқынды технологиялық өзгерістер, мәдени поляризация және дәстүрлі құндылықтарға деген сенімнің жоғалуы сияқты жаһандық сын-қатерлер ерекше назар аударуды қажет ететінін сөз етті. Мәселен, футуролог Герд Леонгард индустрияның  экономика мен адамзат өркениетінің дамуына жанама әсері қандай болатынын айтты.

Адамзаттың жасаған нәрселерінің жанама әсерлері бар. Мысалы, жаһандық жылынудың кесірінен қазірдің өзінде 3 миллион жаһандық климаттық босқын пайда болды. Жасанды интеллект – бұл масштабы бойынша бу қозғалтқышымен пара-пар өнертабысқа жатады. ЖИ негізіндегі экономика – бұл «жаңа машиналар экономикасы». Жарайды, экономика өсіп жатыр, елдер белсенді дамып келеді. Бірақ түптеп келгенде жағымсыз жанама әсерлер оң әсерлерді басып кетуі мүмкін, - деді Леонгард.

Жасыл экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг әлем дамудың жаңа кезеңіне өтіп, қазіргі нарықтық жүйені қайта қарау керек деген пікір айтты.

Біз модернизацияның негізгі қозғаушы күші еркін нарықтық жүйе және либералды демократия болып тұрған кезеңге жеттік. Олар өндіріс көлемін ұлғайту тұрғысынан керемет. Бірақ бұл сапаны жақсарту үшін жеткіліксіз. Сондықтан біз өмір сапасы мен тұрақтылықты жақсарту қажет болған осы кезде дамудың жаңа кезеңіне өтуіміз керек. Осылайша, біз нарықтық жүйені қайта қарастырып, жаңа технологиялар мен жоғары сапалы саяси жүйелерге назар аударуымыз керек. Бұл жаңа құндылықтар жүйесіне және болашақта қол жеткізгіміз келетін жаңа мақсаттарға негізделген мүлдем жаңа көрініс болуы керек, - деді ол.

Сондай-ақ климаттың өзгеруіне қатысты әлем елдерінде бірлескен нақты іс-әрекет жоқ деп есептейді. Сондықтан, Париж келісімінің шарттарын қайта қарау қажеттігіне назар аударды.

Адамзаттың жартысы жойылып кетуі мүмкін. Оны жетістік деп айтуға бола ма? Климаттың өзгеруіне қатысты айтатын болсам, мемлекеттер бөлінген, ортақ мақсатқа жету үшін нақты іс-әрекет жоқ. Тек үлкен мінберлерден айтылып жатқан сөз бар, ал нақты әрекет жоқ. Париж келісімі міндетті болып табылмайды, әлемге ортақ заң емес. Әрине келісімге қол қойған мемлекеттер бар. Бірақ үкіметтер ешқандай да прогрессті қамтамасыз етіп жатқан жоқ. Перспектива жоқ. Ол келісім күшіне енгеннен кейін 4-5 жылдан соң кездесіп, талаптарды азайтты. Біз қазір болып жатқан жағдайларды түсініп, келісімнің талаптарын қайта қарауға тиіспіз. Біздің ұрпақтарымызға жағдайды түзеу үшін көптеген құрбандыққа баруға тура келеді. Бұл мәселе барған сайын күрделене түседі, белгісіздік компсексі артып жатыр. Сондықтан бұл мәселені қайта қарауымыз керек. Үкіметтің рөлі айтылып жатыр. Алайда ол жеткіліксіз. Адамдар мәселенің шешімін үкіметтен күтеді, талап етеді. Климаттың өзгеруіне бәрі жауапты, тұтынушылар оны үкімет немесе бизнестен көрмеуі керек. Бұл жердегі мәселе – жүйенің болмауында, - деді Чунг.

Сонымен қатар панельдік сессияға жазушы, Оксфорд университетінің профессоры Питер Франкопан қатысты. Ол қазір құндылықтардың жаңа жүйесі, жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатыр деп есептейді.

Біз қазір күшті өзгерістер әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Мысалы, Қазақстанда КСРО ыдырағаннан кейін соңғы 30 жылда қоғамдық жүйе, экология, өнеркәсіп, өмірдің барлық салалары толық қайта құрылды. Мұндай процестер белгілі бір дәрежеде әлемнің басқа елдерінде де болып жатыр. Бұл біз қарсы тұрып жатқан өзгерістердің ауқымын көрсетеді. Егер біз гүлдің тамырына емес, гүлдің өзіне назар аударатын болсақ, онда біз тек жылдам нәтиже аламыз. Біз өзгерістердің қарқынын және олардың жылдамдығын түсіне алмай қаламыз. Қазір құндылықтардың жаңа жүйесі, жаңа әлемдік тәртіп, ұйымдастырушылық құрылымдар қалыптасып жатыр. Осының бәрі климаттың өзгеруінің, демографиялық, эпидемиологиялық және басқа да өзгерістер конвергенциясының көрінісі, - деді жазушы.

Еске салсақ, Астанада AITAS холдингінің демеушілігімен CONNECTED-2024 – болашақ образын түсіну туралы халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Оған әлемнің 20-дан астам елінен 1500-ге жуық делегат қатысып жатыр.

Біз болашақ әлемнің образы деген не және сол образды қалыптастыратын өзгеріс агенттері кім екендігі туралы ойладық. Бүкіл әлемдік даму бағытын және ондағы өз орнымызды түсіну өте маңызды болып отыр. Егер бүкіл әлем дисгармонияда болса, елдің оқшауланып тұрақты дамуы мүмкін емес. Осы бір белгісіздік кезеңінде болашақтың жалпы образын жаһандық синхрондау мүмкін бе? Табиғаттың өзі бізге осы сұрақтың жауабын берді. Біз мұны синхрондау мысалдарынан көре аламыз – жарық қоңыздарының жыпылықтауы, метрономның синхронды қозғалысы. Олар үйлесімде бірігу арқылы ортақ ырғақты табады. Бұл жерде бір маңызды шындық жатыр: жаһандық нарративтер де үйлесімді бола алады, - деді конференцияның ашылуында Aitas Froundation бас директоры Серік Жүнісов.

Спикерлер қатарында футурологтар, философтар, инновациялар мен технологиялар саласындағы көшбасшылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, дін қайраткерлері, әлемдегі жетекші EdTech-компаниялардың, халықаралық ұйымдардың, трансұлттық корпорациялардың және т.б. құрылтайшылары мен өкілдері бар. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама