Полат Тохтахунов физикалық тұрғыдан банкке бара алмайтын адамдар бар екеніне назар аударды
Мәжіліс отырысында депутат Никита Шаталов интернет-алаяқтық құрбаны болған азаматтардан күн сайын шағым түсетінін айтып, бұл қызметке тыйым салуға қатысты қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымованың пікірін сұрады. Депутат мұндай алаяқтықтың көбейгеніне несиені онлайн рәсімдеу себеп болып отырғанын айтты.
Агенттік төрағасының айтуынша, қазір цифрландыру аясында банктегі көптеген қызмет онлайн форматқа көшкен. Сол себепті онлайн-несиеге тыйым салуға ерте екенін жеткізді.
Қазір цифрландыру аясында банк қызметінің көп бөлігі онлайн форматқа көшкен. Бұған күнделікті қызметтерді онлайн қолданатын қазақстандықтар мүдделі. Азаматтарға онлайн қызметтің қолжетімді болуын шектемеу үшін онлайн-қарыз рәсімдеуге шектеу енгізуге әлі ерте деп санаймыз. Бізге мұндай ұсыныс түсті. Оның орнына интернет-алаяқтықпен күрестің басқа жолдарды енгізуді ұсынамыз. Оның ішінде несие алуға өтініш беру мен қарызды беру арасындағы уақытты ұзарту да бар, - деді Әбілқасымова.
Halyq Uni осы ұсынысқа байланысты Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының коммерциялық директоры Полат Тохтахуновтың пікірін білді. Маманның айтуынша, алдымен алаяқтықтың бұл жолы қалай жұмыс істейтініне сараптама жүргізу керек.
Бұл жерде алаяқтықтың қандай жағдайда әрекет еткеніне сараптама жүргізу керек. Себебі қолданушы банк арқылы қарыз алуға өзі өтінім береді, яғни SMS хабарлама келеді, оны енгізеді немесе басқа адамға айтады. Бұл жағдайда екі тарапқа да тиімді ұсыныс айту қиын. Себебі халық арасында физикалық тұрғыдан банкке бара алмайтын адамдар бар. Қазір уақыт та «қымбат». Сол себепті азаматтар онлайн қызметке жүгінеді. Екінші жағынан басқаның алдауына түскеннен бір рет банкке барып, қызметті алғанды жөн көретіндер де табылады. Онлайн-несиеге тыйым салу интернет-алаяқтық көрсеткішінің төмендеуіне әкелетіні сөзсіз. Ал ыңғайлылық жағынан азаматтардан көптеген сұрақ туындауы мүмкін, - дейді Полат Тохтахунов.
Маман бұл жағдайда банкке және азаматтарға тиімді жолды таңдаған жөн деп санайды.
Бұған қатысты ұсыныс көп болуы мүмкін. Аутентификация мен верификациядан өту, жеке басын растауды да қосуға болады. Иә, реттеуші көзқарасымен қарасақ, интернет-алаяқтық санын азайту керек. Ал онлайн қызметті дәл қазір алып тастайтын болса, онда сұрақ та көбейеді. Қазір банкинг, ХҚКО порталында да видео арқылы қызмет алуға болады. Бұл бір жағынан жақсы, екінші жағынан хакерлер дипфейк жасай алады. Адамдар әлеуметтік желіде фотоларын бөлісетін болғандықтан, дипфейк жасау қиынға соқпайды. Онлайн-банк фотоны қолданып отырған адамның өзі емес екенін түсінбейді, - дейді сарапшы.
Маманның айтуынша, кейінгі кезде танымал адамдардың ескі видеосы пайданылған түрлі материал тарап жатыр. Бұл да фото-видеоның қолжетімді болып отырғанының бір дәлелі. Сондай-ақ жасанды интеллектінің дамуы да келешекте адамдардың мұқият болуын қажет етеді.