Еліміздегі ең даулы криптоактив жайында сұхбат
Еліміздің цифрлық активтер нарығында USDT криптовалютасы бойынша әлі күнге біртекті түсінік қалыптаспай келеді. Оның қамтамасыз етілген цифрлық актив екеніне сенімді болғандар арасында сауда жасаймын деп қылмыстық іске шатылғандары да бар. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, қазір шамамен 30-ға тарта іс жүріп жатыр. Нарықтағы осы дүрбелеңнің шешімін тауып, жағдайды біржақты ету үшін депутаттың бастамасымен «Цифрлық активтер туралы» заңға түзету енгізілді. Ол парламенттің қос палатасынан өткен, жаңа жылдан бастап қолданысқа енеді. Алайда техникалық тұрғыдан сай келмейтін активті қамтамасыз етілмеген цифрлық актив санатына жатқызу қаншалықты орынды? Сол қайшылықтың кесірінен қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқандардың тағдыры не болады? USDT Қазақстанда қандай жағдайда қамтамасыз етілген цифрлық актив болып саналады? Halyq Uni тілшісі осы түйткілдердің жауабын Мәжіліс депутатының өзінен сұрап білді.
- Заңдағы түзетуде «қамтамасыз етілмеген цифрлық актив – қамтамасыз етілген цифрлық активтің сипаттамасына сәйкес келмейтін актив» деп жазылған. Екі активтің техникалық айырмашылықтарын елеусіз қалдырып, қазіргі анықтамаларын заңнан алып тастау қаншалықты орынды болды?
Заң шығарушы, реттеуші және инженер – әрқайсының ұстанымы бір-бірінен ерекшелуі мүмкін. Неге екенін түсіндірейін.
Техникалық тұрғыдан USDT – қамтамасыз етілген цифрлық актив, яғни стейблкоин.
Бірақ қамтамасыз етілуінің табиғатын қарастырайық. Сөз болып отырған цифрлық активті, яғни стейблкоинды жеке компания шығарады. Стейблкоин осы жеке компанияның резервінде сақталатын қандай да бір фиат резервімен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Ал біз үшін бұл эмитент өзге юрисдикцияда, АҚШ-та тіркелген және ол жеке тұлға. Сондықтан USDT-дің қамтамасыз етілгендігінің жалғыз кепілі – оның уәдесі ғана болып тұр. Басқа халықаралық деңгейде қамтамасыз етілмеген.
Мұндай жеке эмитенттің мемлекеттік стейблкоиннен қандай айырмашылығы бар? Мемлекеттік цифрлық валюталарды ұлттық банктер шығарады. Сәйкесінше, бұл валюталар біздің теңгеміз сияқты мемлекеттің кепілдігімен қамтамасыз етілген. Сондықтан мұндай валюталар әлемде валюта болып саналады.
Иә, USDT техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілген стейблкоин. Бірақ оның қамтамасыз етілгендігін біздің юрисдикция мойындамайды. Себебі біз үшін Tether компаниясы қазақстандықтарға ешқандай кепілдік бере алмайды. Ол біздің юрисдикциямызда тіркелмеген, біздің нарықта қандай да бір қызметпен айналысуына лицензиясы жоқ.
Сол себепті, біз USDT-дің қамтамасыз етілгенін заңды тұрғыдан мақұлдай алмаймыз. Оның қамтамасыз етілгенін мақұлдау дегеніміз нені білдіреді? Бұл демек мемлекет сіздің цифрлық долларыңызға еш қауіп келмейтініне кепілдік береді деген сөз. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай кепілдік бере алмаймыз. Өйткені, біз мемлекет ретінде жеке эмитенттің жауапкершілігін арқалағымыз келмейді. Сондықтан USDT-ге қатысты барлық операция осы валютамен жұмыс істеген адамдардың өз жауапкершілігінде болады.
Егер эмитенттің өзі біздің юрисдикциямызда қандай да бір жолмен заңдастырылып, келісімге қол жеткізіп жатса, ол кезде оны заңды деп санауымыз мүмкін. Мысалы, Tether Қазақстанда лицензия алды немесе қандай да бір банкпен серіктестік келісім жасасты делік. Ондай жағдайда банктің резервтері арқылы USDT эмиссиясына кепілдік беріледі. Сонда ғана заңда оны қамтамасыз етілген деп қарастыруымыз мүмкін. Әзірге мұндай шара орындалған жоқ, сондықтан қамтамасыз етілген деп қарастыра алмаймыз.
- Жұрт әлемдік тәжірибеге сүйеніп, USDT-ді Қазақстанда да қамтамасыз етілген деп санайды. Алайда заңдағы қайшылыққа байланысты осы цифрлық активпен сауда жасайтындар қамтамасыз етілмеген цифрлық активпен сауда жасады деп айыпталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Ал жаңа түзету енгізілген соң жағдай тіпті ушығады деген сөз. Бұл жағдайды қалай реттеуге болады?
Бұл түзету заңдағы қайшылықты жойды, өйткені, қазірге дейін USDT ешқандай анықтамаға сәйкес келмейтін еді, қамтамасыз етілген де, қамтамасыз етілмеген де сипаттамаға жатпады. Қамтамасыз етудің табиғатын түсіну үшін пікірталас жүрді. Сайып келгенде, аталған цифрлық актив біздің елде қамтамасыз ету ұғымының табиғатына сай келмейді деген қорытындыға келдік. Сондықтан USDT әзірге қамтамасыз етілмеген активтерге жатқызылды. Техникалық тұрғыдан емес, тек заң тұрғысынан айтып отырмын.
Екіншіден, бұл түзету жарты жылдан кейін қолданысқа енгізіледі. Осы аралықта сол валютамен айналысқан адамның бәрінде саудасын ретке келтіруге, биржаларға көшуіне мүмкіндігі бар. Себебі, АХҚО-ның ресми биржаларында ешқандай проблема жоқ, мұндай валюталардың саудасы мен айналымына тыйым салынбайды.
Қазір қаржы реттеушісімен бірге «Цифрлық активтер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сол арқылы бөлшек инвестор, сауда-саттық пен заңсыз айырбасты ұйымдастырумен айналыспайтын қарапайым адам қандай да бір қылмыстық қудалау қаупіне ұшырамас үшін кейбір реттеуші тармақтарды алып тастаймыз.
Қазірдің өзінде қолданыстағы заңнамада АХҚО лицензиясы бар биржаларда сауда жасауға рұқсат етілген.
Жеке тұлғаларға қатысты бүгінде бір де бір қудалау жоқ. Осы бағытта жауапкершілікке тартылатын жалғыз бап – заңсыз кәсіпкерлік қызмет қана. Егер сіз жеке операцияңызда айырбас ұйымдастырмасаңыз, онда құқық қорғау органдарының сізбен ісі болмайды.
Сондықтан әлі күнге қандай да бір жеке тұлғаға қатысты қылмыстық істі көрмедік. Барлық іс айырбас ұйымдастырушыларға қатысты қозғалған. Әсіресе, P2P ұйымдастырушысы АХҚО-да лицензиясы алмай, саудасын телеграмда немесе жеке сайттар ашып жүргізсе. Бұл нағыз криптовалютаны айырбастау қызметі деген сөз. Мұндай азаматтарға қатысты бүгінде құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Ал криптовалюталар бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтын қарапайым жеке тұлғаларға қатысты ешқандай мәселе жоқ.
Қайталап айта кетейін, біз құр саудамен айналысқан жеке тұлғаларға қатысты реттеу шараларын жұмсартамыз. Есесіне, осы саладағы заңсыз қызметтерге қатысты реттеу шараларын қатаңдатамыз. Себебі, олардың ауқымы өте үлкен.
Қателеспесем, осы мәселелер бойынша 29 іс қозғалған, оның барлығы заңсыз айырбастаушыларға қатысты. Ал жеке тұлғаға қатысты бір де бір іс жоқ.
- Айталық, Tether Қазақстанға келіп, сертификат алды делік. Сөйтіп, азаматтар USDT-ді қамтамасыз етілген актив ретінде өзара саудалай берсе, онда ақша жылыстатудың көкесі сонда болмай ма? Заңда бұл мәселе қарастырылмаған ғой?..
Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді азаматтардың ел ішінде өзара саудалай беру мәселесі қазір талқыға түсіп жатыр. Әзірге бір тоқтамға келмедік. Дәл қазір елімізде цифрлық актив мүлік ретінде танылған. Ал мүлікті айырбастауға тыйым салынбайды. Бұл жағдайда біз қазір осы заңдардың қайшылығын қалай жоюға болатынын қарастырамыз. Бәлкім бір айдан кейін бұл мәселеге оралатын шығармыз.