Режиссер 12 жыл бойы түсірген «Қажымұқан» фильмін көруге шақырды

Қымбат Елтайқызы

Ол халыққа өтінішін білдірді

фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Қажымұқан» фильмінің режиссері Қанағат Мұстафин жаңа кинотуындысын аз адам тамашалады деп қынжылып, көпшілікті қазір кинотеатрда көрсетіліп жатқан туындысына шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Құрметті достар, қазіргі таңда кинотеатрларда менің «Қажымұқан» атты кином прокатта жүріп жатыр. Өкінішке қарай, жарнамасы өте асығыс түрде жасалды. Оған түрлі себептер болған. Ең бастысы жарнамаға қаражатым болмады. Барлығы киноны бітіруге кетті. Пәтерімді кепілдікке қойдым. Өздеріңіз білесіздер, кинотеатрларда әр киноның уақыты шектеулі, әрі кетсе 2-3 апта. Қазір бірінші апта өтті, бар болғаны 10 мың қазақ көріпті.  Ниетім барлық қазақ көрсе екен деген болатын!, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парағында.

«Өтінішпен жазып отырмын, қалталы азамат достарым болса, өздерің оқыған мектептеріңнің оқушыларын, мұғалім достарым болса, студенттеріңді апарсаңыздар! Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады деген бар ғой! Қажекеңнің өмірі қандай ауыр болса, мен үшін де бұл жобам өте ауыр болды, барлық жағынан. Қолға алған 12 жылда неше түрлі алаяқты, популисттің бәрін кездестірдім. Соңғы жылдары ғана ниеті түзу, жаны қазақ азаматтар кездесіп, жоба мәресіне жетті! Қазіргі таңда кинода! Қолдап, репост жасап, жастарды жұмылдырып, киноға апарсаңдар, достар! Бабамыздың рухы риза болар еді деп ойлаймын! Қажекеңдей аңыз адам өмірде болғанын әр қазақ, әсіресе, жастар білу керек! Репост және ертең киноға бәрің барсаңдар! Алғысым шексіз! Ер есімі – ел есінде!», – деп түйіндеді маман.

Қажымұқан Мұңайтпасов – француз күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ, әлемдік, өңірлік, ресейлік, кейін Бүкілодақтық супер ауыр салмақтағы классикалық күрес чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы. Режиссердің айтуынша, Қажымұқан өзінің мықтылығын өз заманының ең жақсы балуандарын жеңіп дәлелдеген. Ол – Парижде, Лондонда, Берлинде, Стамбулда, Буэнос-Айрес пен Чикагода қошеметке бөленген алғашқы қазақ спортшысы. Фильмнің мақсаты – Қажымұқанның өмірімен өскелең ұрпақты таныстыру, оның жетістіктерін ұлықтау әрі үлгі алу.

Бұған дейін Қажымұқан туралы фильмнің көрсетілімі басталатыны жайлы жазған едік.