Halyq Uni логотип
×

«Петропавлдың байырғы атауы – Қызылжар». Архившілер Ресейден әлі де тың деректер табылатынына сенімді

Бұл бағыттағы жұмыстар «Архив 2025» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр

 Самат Жақып 13.06.2022 | 15:32
«Петропавлдың байырғы атауы – Қызылжар». Архившілер Ресейден әлі де тың деректер табылатынына сенімді
фото: Halyq Uni

Қызылжар - Петропавл қаласының көне атауы. Мұны дәлелдейтін тарихи фактілер де, құжаттар да баршылық. Алайда бұл көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің біріне айналғаны жасырын емес. Зиялы қауым өкілдері былай тұрсын, соңғы кездері жастар жағы да шаһарға байырғы атауын қайтаруды талап етіп жүр. Тіпті кейінгі толқын өкілдері әлеуметтік желілерде талай рет петиция жариялаған. Өкініштісі бұл бастамалар әлі күнге дейін қолдау таппай тұр.

Жалпы Петропавлдың әу баста Қызылжар деп аталғаны жөнінде аңыз-әңгімелер жетерлік. Мәселен «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жыраудың «Қызылжар» деген өлеңі табылды.

Онда ақын: 

Көлденең көк Есілдің жарқабағын,

Әкеміз Қызылжар деп атап кеткен,

- деп нақ осы арада әкесі Толыбай сыншының «Қызылжар» атты қыстауы болғанын жырлайды. Оның үстіне қазақ халқы ерте кездері ешқашан елдімекендер мен қала атауын адам есімімен атамаған. Яғни көбінде сол жердің өзіндік ерекшеліктерін ескеріп, атау берген.

Жалпы Қызылжар қаласының атауына байланысты Halyq Uni тілшісі Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәліковамен сұқбат құрды.

- Қызылжар атауына байланысты облыстық архивте дәлелдемелер мен деректер бар ма ?   

- Әрине бар. Біз Абылайдың тұсындағы құжаттарды қарайтын болсақ, сауда-саттық айтарлықтай дамығанын байқаймыз. Сол кезеңдерде осы «Қызылжар» деген атаудың, сөздің, түсініктеменің тарихи деректерде болғанын көріп отырмыз. Бұл жердің «Қызылжар» деп аталғаны тіпті Ресейдің 18-ші ғасырдағы құжаттарынан да аңғаруға болады. Бұл құжаттарды біз Омбы қаласынан тауып алдық. Ресейден анықталған құнды материалдарда «Қызылжар» елді мекеніне бекіністерді салу жөнінде түрлі хат алмасу жүрген екен. Тағы бір үлкен деректер - ол Кеңес дәуіріндегі құжаттар. 1924 жылы Большивиктер үкіметі, осындағы Ақмола Губерниялық партия ұйымына,  Ақмола Губерниялық атқару комитетіне хат жолдап, өзінің бірінші қаулысын қабылдаған екен. Ол осы Петропавл қаласының атауын өзгертуге қатысты. Оның ертеден келе жатқан атауы болған (В историй это земля место называлась – «Қызылжар») деп өздері түрлі протоколдарға қол қойғанын аңғаруға болады. Артынша оны уисполкомға жібереді. Ондағылар 1924 жылы алған құжаттарды қарай отыра, өзінің отырысында Ақмола губерниялық атқару комитеті қаланың атауын өзгерту жөнінде шешім қабылдайды. Бұл яғни 1925 жыл болатын. Одан кейін уисполкомның бекіткен шешімін әрі қарай жоғары атқару органдарына жіберу керек болады. Бұл сұрақ күн тәртібінде үлкен мәселе ретінде қарастырылғаны мәлім. Сол кезеңде дінге көзқарас басқаша болды. Сондықтан бұл Петропавл деген атау християн әулиелері Петр мен Павлдың атымен аталған екен. Ал енді соның атауын өзгерту керек, ертедегі атауы – Қызылжар деп қайтару керек, деген ұсыныстар жасап, соны бекітеді. Одан кейін бұл шешім біздің Қазақ орталық атқару комитетіне жіберіледі. Олар 1925 жылы сәуір айларында осы шешімді ресми түрде бекітеді.

- Қала бір жылдай уақыт ресми түрде Қызылжар деп аталды. Бірақ жоғары жақ бұл атауды құптамаған деседі. Бұл қаншалықты рас ?

- Біз 1920 жылы қазақ автономиялық республикасы болып құрылған болатынбыз, Ресей Федерациясының құрамынан. Сонда сол автономиялық заңдылықтардың орындалу мақсатымен Москваға федерациялық атқару органдарында осы шешім тағы да қаралып түбегейлі бекітілуге тиіс болатын. Сондықтан біздің Қазақ атқару комитеті арнайы хат жолдаған. Ол хаттарды да біз тың деректер ретінде алып отырмыз. Оны Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінен тауып алдық. Онда 5677 қорда аталған сұрақ бойынша екі ұсынысты жолдаған. Біріншісі Перовск қаласына Қызылорда атауын беріп, өзгерту. Ал екіншісі - Петропавл қаласын Қызылжар қаласы деп атауын өзгерту жөнінде. Енді қаулыны қарап отырсақ ВЦИК деп атайық (всероссийский центральный исполнительный комитет), соның қаулысында бірінші берген ұсыныс Қызылорда қаласы бекітіледі. Ал екіншісі, біздің қаланың атын өзгерту жөнінде былай жазған екен: «О переименование населенных пунктах города Петропавловска Акмолинской губернии, Казахской автономной республики «Қызылжар» постановил отклонить». Осындай бір ғана сөзбен ғана тоқтатқан. Оның үстіне Қазақстанға Москвадан осы сұрақ бойынша қосымша хат жіберілген екен. Онда: «Бұл мәселені екінші рет көтеру қажет емес» делінген. Осылайша жоғары жақтан қолдау таппаса да біз 1925 жылғы құжаттардан қаланың Қызылжар деп аталғанын көріп отырмыз. Осы 1925 жылы біздің өңірде шыққан «Мир Труда», «Бостандық Туы» газеттерінде «Қызылжар Сегодня», «Қызылжар Бүгін» деген атаумен сүйінші, сұрау, қолдау сияқты мақалалар да жарық көрген. Тіпті Сергей Марковтың «Қызылжар» қаласының осы атауының өзгеруіне байланысты өлеңі де жарияланыпты. Сол сияқты осындай деректер біздің архивте жетерлік. Яғни 1924 жылы ұсыныс тасталды. Ал 1925 жылдың қазан айына дейін бұл қала «Қызылжар» деп аталған. Оған дәлел болатын ресми құжаттарымыз қолымызда бар. Сондай-ақ 1928 жылы Губерниялардың әкімшілік өзгерістері жойылып орнына округтер құрылды. Сол уақытта біздің Петропавл округінің аты Қызылжар округі деп өзгерген екен. Бірақ екі айдан кейін атауы қайтадан өзгертіліп тасталды. Қызылжар қаласы атауын алғанда біздің Ақмола губерниясының аумағы өте үлкен болды. Ол қазіргі Омбы облысының бір бөлігінен басталып, Қостанай және де Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарысу аудандарына дейін жерді алып жатты.

- Петропавл деген атау қайдан шыққан? Тарихына тоқталып кетсеңіз.

- Негізінен бұл жер ертеден келе жатқан қазақтың жері. Мұнда 18 ғасырда бекіністер салына бастады. Үлкені - Петр бекінісі. Ол 1752 жылы қалана бастаған екен. Бірақ Ресей императорының заңдар жинағында қалалар тізімінде 1804 жыл 10 желтоқсанда осы Петропавл бекінісі тұр. Енді қазір бізде қала күніне қатысты сұрақтар туындап жатыр. Петропавл қаласының туған күні жазда аталып өтіледі. Құжатта ол желтоқсан деп тұр. Сондықтан әлі де маңызды құжаттарды іздестіруіміз қажет. Ал олар міндетті түрде табылады деген ойдамыз. Негізінен бекініс кез келген жерде салына бермейді. Бұл жер сауда-саттықтың орталығы болған. Соған байланысты бұл бекініс Есіл өзенінің оң жағалауында тұрғызылған. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды еш тоқтатпаймыз. Мынау «Архив 2025» бағдарламасының аясында үлкен жобаларымыз бар. Соның бір бағыты осы Қызылжар қаласының тарихына байланысты болып отыр.

- Ресейлік әріптестіріңізбен қарым-қатынастарыңыз қалай? Көрші мемлекеттің архивтерінде әлі талай құжаттар бар секілді ғой?  

- Ресей федерациясында өте көп құнды құжаттар бар деп ойлаймын. Олар архивтерде сақтаулы. Ондағы әріптестерімізбен біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы. Тіпті екі елдің арасында осы бағытта жасалған арнайы меморандум да бар. Қазір біздің қолымыздағы дүниелердің басым көпшілігі сол Ресейдің архивтерінен табылғаны жасырын емес. Биыл архивистердің үлкен жиыны болады. Сонда да аталған сұрақты көтеретін боламыз. Сондықтан үлкен материалдарды іздеу жобамыз енді басталғалы жатыр десем артық айтпағаным. Біз архивистер тек дерек негізінде ғана сөйлейміз.

- Жалпы Қызылжар деген атаудың мағынасы жайлы айтып кетсеңіз?

- Сәбит Мұқановты біз тарихымызды, өлкенің тарихын зерттеуші ретінде де жақсы танимыз ғой. Сонда ол кісі осы жергілікті жердің эливі қызыл топырақты болғандықтан, қаланы Қызылжар деп атады деген оның түсініктемесі бар. Ол түсініктемені барлығы да қолдайды деп ойлаймын. Өйткені қала Есіл өзінің биік жар қабағында орналасқан. Көктем сайын өзен суы тасығанда ол лайлайнып, қызыл-қоңыр түске боялады. Яғни, алыстан келе жатқанда үлкен жардың үстіне қызыл түстің күнмен шағылысатынын көреміз. Осы аумақты мекендеген қазақтар әуелден оны Қызылжар деп атаған. Соңғы жылдары археологтар Уәлиханов ауданында Алтын Орда дәуіріне жататын «Қызыл-оба» қорымын атықтады. Сондықтан бұл жер бағзы заманнан бері түркі халықтарының, одан кейінгі Қазақ хандығының жері болғаны ешкімге жасырын емес.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама