×

Білікті кадрлар неге мамандығы бойынша жұмыс істемейді?

Гидромелиорация мамандығына бөлінген грантқа бір де бір адам өтініш бермеген

 Дәурен Ерболат 14.10.2024 | 11:55
Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізде білікті кадрлар неге мамандығы бойынша жұмыс істемейтініне қатысты өз болжамын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол мамандар отбасын асырау үшін басқа салаға ауысуға мәжбүр екенін жеткізді.

Жуырда таксиде келе жатып, жүргізушімен әңгімелестім. Бұған дейін ол инженер-гидролог болып жұмыс істепті. Ол терең білімі мен өз мамандығы туралы, су ресурстарын басқару туралы әңгімені майын тамыза айтты. Бір уақытта менің сұрақ қоятынымды түсінді ме, білді ме әңгімесін тоқтатты. Ол «Менің отбасым бар. Мойнымда кредиттер бар. Өзіңіз түсінесіз ғой. Сондықтан өз мамандығымды қаншалықты жақсы көрсем де инженер-гидролог болып алысқа бара алмайсың» деп ақталуға тырысты, - деді Асхат Аймағамбетов Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Депутаттың пікірінше, мұндай жағдай қоғамда жиі кездеседі.

«Әрине, бұл оқиға бір адамның басынан өткен жағдай емес, ол еңбек нарығындағы түйіткілді мәселенің көрінісі деп айтар едім. Менің ойымша, осында отырған әрбір депутат осы сияқты талай мысалды айтып бере алады. Неге осындай білікті мамандар өз мамандығы бойынша жұмыс істемей жүр?  Еңбек нарығындағы дисбаланс себебі неде? Неге мамандар жеткіліксіз?», - деді ол.

Асхат Аймағамбетов кадр тапшылығы өзекті мәселе екенін, онда жеке адамның жауапкершілігі маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Біз мамандар жетіспейді» дейміз. Бірақ гранттарды игеру кезінде мынадай жағдай болып отыр. Мысалы, гидромелиорация мамандығына бөлінген гранттарға бір де бір адам өтініш бермеген. Яғни конкурста нөл адам болды. Көлік құрылыстары бойынша бөлінген 300 гранттың тек 29-ына адам қабылданды. Яғни, бір грантқа 0,1 адам келіп отыр. Айтылған мысалдар кадр тапшылығы күрделі мәселе екенін айқын көрсетеді. Яғни проблема тек грант санында әлде оның дұрыс бөлінбеуінде емес. Тіпті, оларды дайындайтын колледждер мен университеттердің болмауында немесе олардың оқыту сапасында емес екені барлығымызға анық деп ойлаймын, - деді депутат.

Бұған дейін елімізде жұмыс істейтін кедейлер саны өсіп жатқаны айтылды.

Сондай-ақ депутат 2030 жылға қарай елімізде жұмыс табу қиындауы мүмкін екенін айтады.

Осы уақытқа дейін еңбек нарығына жыл сайын 200 мың адам келетін. Қазір бұл көрсеткіш 250 мыңға жуықтады. 5 жылдан кейін көрсеткіш 350 мыңға дейін барады деген болжам бар. Осылайша, 2030 жылға қарай еңбек нарығына үлкен қысым түседі, - деді Аймағамбетов.

Ол нақты себебіне тоқталды.

«Біріншіден, бұл – демография, яғни baby boomer-лердің әсері. Екіншіден, өмір сүру ұзақтығының артуы. Үшіншіден, 2031 жылға қарай әйелдердің зейнетке шығу жасы 63 жасқа ұзарады және еңбек нарығында 50 мыңға жуық адам қалады әрі  автоматизацияның қарқынды дамуы да бар. Бұл фактордың барлығы еңбек нарығына айтарықтай әсер етіп, жаңа жұмыс орындарын қажет етеді», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама