Ресей әскери күшін ұлғайтуға күш салып жатыр
Батыстың Украинаны қолдауға қажетті ресурстары таусылып барады. Бұл туралы Финляндияның бұрынғы президенті Саули Ниинисте мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni РИА Новостиге сілтеме жасап.
Фин мемлекетін 2012-2024 жылдары басқарған Ниинисте Yle телерадиокешеніне берген сұхбатында Батыстың дайындығына қатысты пікір білдірді.
Батыста шын мәнінде жақсы дайындық болмады. Украинаны қолдауға қажетті ресурстары таусылып барады, - деді ол.
Ниинистенің айтуынша, Ресей әскери күшін ұлғайтуға күш салып жатыр. Ал Батыста бұл жұмыс, атап айтқанда, қару-жарақ өндірісі баяу.
Финляндияның экс-президенті Украинаның НАТО-ға кіруі жағдайды ушықтырып жіберетінін де жеткізді. Оның ойынша, соғыс ұзарып кетеді. Алайда Киевтің қазіргі кезеңде альянсқа кіру мүмкіндігін жоққа шығармады.
Бұған дейін Мәскеу Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуді ұсынған болатын. Ол үшін Киев өз әскерін ДХР, ЛХР, Херсон мен Запорожье облыстарынан шығаруы қажет. Сондай-ақ Украина НАТО-ға кіруге қатысты жоспарынан бас тартуы шарт. Владимир Путин осы талаптар орындалса, әскери іс-қимылдар бірден тоқтатылатынын айтқан. Ал Владимир Зеленский бұны ультиматум деп қабылдады.
Украина қарулы күштері Ресейдің Курск облысына шабуыл жасағаннан кейін Путин екіжақты келіссөздерді бастауға болмайтынын мәлімдеді. Артынан оның көмекшісі Юрий Ушаков президенттің бұған дейінгі бейбітшілікті орнатуға қатысты ұсыныстарды жоймағанын айтты.
Қыркүйекте өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда Путин Украинамен арадағы келіссөздер Ыстанбұл келісімдері негізінде ғана жүргізілетінін мәлімдеді.