×

Ботай қонысы ат спортының Меккесіне айналуы керек – федерация басшысы

Бұл мекен ат спортының алтын қазығына айналмақ

 Қымбат Елтайқызы 12.10.2024 | 09:00
фото: Астана әкімдігі

«Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесінің ұйымдастырушылары Ботай қонысын ат спортының алтын қазығына айналдыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Республикалық Joryq ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі жалғасын таба ма деген сұраққа жауап берді.

Марафон-бәйге танымал жобаға, елдік брендке айналғанын ескеріп, халықаралық деңгейде жыл сайын өткізу маңызды деп есептейміз. Сондай-ақ, болашақта Ботай қонысы аймағында халықаралық талаптарға сай 80, 100, 120, 160 шақырымға есептелген әлемдік ат жарысын ұйымдастыруға ниеттіміз. Тіпті осы бағытта жұмысты бастап та кеттік. Өркениет талбесігі болған Ботай қонысы келешекте ат спортының Меккесіне айналуы керек», – деді ол.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында бірінші халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өткен еді. Аталған жоба 10 мемлекетті көшпенділер туының астына біріктірді. Жорыққа Қазақстаннан бөлек, Түркия, Иран, Оңтүстік Африка, Мажарстан, Қырғызстан мен Ресейдің Қабардин-Балқар, Қарашай-Шеркеш, Татарстан елдері команда қосты.

«Жүзден астам спортшы 5 күн бойы 500 шақырым қашықтықты еңсеріп қана қойған жоқ, оларға көшпенділер өркениеті, тұрмысы мен болмысы, өнері мен дәстүрі, тарихы мен өмірі таныстырылды. Шетелдік қатысушылар өзінің төл мәдениетімен бөлісіп те үлгерді. Мәселен, ирандықтар ұлттық билерін билеп, мажарлар әндерін шырқаса, татарлар салт-дәстүрлерімен бөлісіп, көпшілікті тәнті етті. Шетелдік командалар өз ұлтының дәстүрлі музыкасымен қатар, түрлі ұлттық тағамдарын көпшілікке ұсынды. Осылайша, «Ұлы дала жорығы» жобасы түрлі ұлт пен мәдениеттің тоғысқан алаңына айналды, Көшпенділер ойындарының бастамашысы әрі жаршысы болды», – деп қосты Тұрлыбеков.

5 күнге созылған 500 шақырымдық жорықта мәре сызығына Қабардин-Балқар командасы (уақыт: 27:58:23) бірінші болып жетті. Оның артынша Алматы қаласының құрамасы (уақыт: 28:04:40) келді, ал үшінші орынға Ақтөбе облысының командасы (уақыт: 28:26:57) тұрақтады. Төртінші орын Жетісу облысының спортшыларына (уақыт: 29:39:20), ал бесінші орын Маңғыстау облысының (29:43:40) қыздар командасына бұйырған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама