×

Заңсыз активтер арасында б.з.д. VII-III ғасырларға жататын бұйымдар бар

Бүгінде 30 млрд теңгенің заңсыз активтері қабылданып жатыр

 Ербол Тұрымбет 11.10.2024 | 17:44
Фото: Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті

Бас прокуратураға қарасты Арнаулы мемлекеттік қорға бүгінге дейін 176,9 млрд теңге аударылған, оның ішінде 5,9 млрд теңгесі Басқарушы компанияның активтерін сату мен басқарудан түскен. Ал кейбір активтер тарихи құндылығымен ерекшеленеді. Мәселен, б.з.д. VII ғасырдан б.з.д. III ғасырға дейінгі аралыққа жататын «жануарлар стилінде» жасалған дүниелерге Ұлттық музей қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Нұрмахан Әділбековпен Halyq Uni-не берген сұхбатында айтып берді.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясының миссиясы туралы жалпы не айта аласыз?

Басқарушы компания – мемлекетке қайтарылған активтерді басқару, сақтауды қамтамасыз ету және сату үшін құрылған мемлекет 100 пайыз қатысатын ЖШС.

Басқарушы компанияға ақшадан басқа активтің барлығы Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетінің жұмысы нәтижесінде түседі. Ал мемлекетке қайтарылған ақшалай қаражат тікелей Арнайы мемлекеттік қорға жіберіледі.

Биылғы 10 қазандағы жағдай бойынша Активтерді қайтару комитеті жүргізген жұмыстың нәтижесінде Басқарушы компания балансқа коммерциялық жылжымайтын мүлікті, заңды тұлғалардағы қатысу үлесін, зергерлік бұйымдарды және бағалау құны 60,3 млрд теңге болатын өзге де мүлікті қабылдады.

Одан бөлек, тағы шамамен 30 млрд теңгеге бағаланатын активтер қабылданып жатыр.

Кейбір актив жүзеге асырылды. 2024 жылғы 10 қазандағы жағдай бойынша активтерді сату және жалға беруден түскен 5,9 млрд теңге Басқарушы компаниядан Арнайы мемлекеттік қорға аударылған.

Активтер қандай тұлғалардан және қандай мөлшерде түсетінін айта аласыз ба?

Бұл шектеулі ақпарат, өйткені «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға сәйкес Активтерді қайтару комитеті мен активтерді қайтару жөніндегі комиссия мүшелері алынған мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.

Алайда активтерді қайтару бойынша барлық жұмыс қорғалатын тұлғалардың болмауы қағидаты бойынша құрылатынын түсіну қажет.

Сіз Басқарушы компания мемлекетке қайтарылған активтерді басқару, сақтау және сату үшін құрылған деп айттыңыз. Егер актив сатылмаса, Басқарушы компания оны қалай басқарады?

Шынында да Басқарушы компанияның қарамағына түскен активтерді басқарудың негізгі мақсаты Арнайы мемлекеттік қорды толықтыру үшін активтерді сату. Активтер саудаға шығарылады. Ал сату алдындағы рәсімдер кезеңінде мүліктік жалдау, сенімгерлік басқару сияқты активтерді басқару тәсілдері, сондай-ақ, басқарушы компанияның өзі айқындайтын және ел заңнамасы мен актив шыққан елдің заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдер қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар, мемлекет мүдделі активтер мемлекет меншігіне берілуі мүмкін.

Басқарушы компанияның балансына ерекше және бірегей активтер түсті ме?

Басқарушы компания қабылдаған бірегей активтер ретінде тарихи және мәдени құндылығы бар заттарға жатқызуға болатын артефактілердің 9 атауын атап өткім келеді. Олар б.з.д. VII ғасырдан б.з.д. III ғасырға дейінгі аралыққа жататын «жануарлар стилінде» жасалған дүниелер.

Бұйымдарды «Тhe Expert» ЖШС активтерді қайтару комитетінің тапсырысы бойынша талдап шықты. Ұлттық музей бұл артефактілерді мұражай қорына қабылдауға қызығушылық танытып отыр.

Бүгінде Арнайы мемлекеттік қорға, оның ішінде Басқарушы компанияның қызметінен қанша ақша түсті?

2024 жылғы 10 қазандағы жағдай бойынша Арнаулы мемлекеттік қорға 176,9 млрд теңге, оның ішінде Басқарушы компанияның активтерін сату мен басқарудан 5,9 млрд теңге түсті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама