«Ұлы дала жорығы» «мәдени жорыққа» айналды
Joryq федерациясы президенті жарыстың неге бұлай аталғанын түсіндірді
«Жорық» сөзі бұған дейін белгілі мақсатта топтасып шыққан жауынгерлердің іс-қимылын білдірсе, бүгінгі бейбіт күнде салт аттылардың сапарына, «мәдени жорыққа» ұласып отыр. Бұл туралы Joryq ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков Егемен Қазақстан газетіне берген сұқбатында айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Жорық» сөзі әдетте ұрыс сипатында қолданылып келді. Бүгінде еліміздегі жаңа ат спортының түрі ретінде қолданысқа еніп отыр.
Шетелдік спортшылар осы жоба негізінде 3-4 мың жыл бұрынғы Ұлы Жібек жолын басып, тарихи ізбен жүріп өтті. Ілгеріректегі қазақ даласы соғыс пен шиеленіс мекені емес, керісінше, сауда-саттықпен қатар, әлемдік өркениеттің, ғылым мен білімнің таралуына ықпал еткен негізгі артерия екендігі көпшілікке түсіндірілді, дейді Бақытжан Тұрлыбеков өз сұқбатында.
Оның сөзінше, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы», кей елдердегі геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, еліміздің әлемге ашықтығы мен бірлігін көрсете білді. Осылайша, еліміз бейбітшілік пен достықтың нағыз мекені екендігі іс жүзінде көрсетілді.
Айта кетейік, қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде «жорық» сөзінің мағынасын әскери бөлімдер мен құрамалардың белгілі бір бағытты бетке алып, көлікпен немесе жаяу ұйымдасқан түрде саппен қозғалуы деп берген. Ол бейбіт уақытта жауынгерлік даярлық жүргізу мақсатымен, соғыс кезінде әскери тапсырманы орындау үшін ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, Қазақ энциклопедиясының 4-томында да әскери құрамалардың немесе әскери-теңіз күштерінің алыс өңірге жасаған шабуылдары «жорық» деп аталатыны келтірілген. Мысалы, Жебе мен Субедей жасағының Кавказ бен Еділ бойына жорығы, кресшілер жорықтары, Ресейдің Тынық мұхиты эскадрияларының 1904-1905 жылдардағы жорықтарын айтуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, аталған жарыс елімізде алғаш рет 2022 жылы ұйымдастырылды. Онда 1200 шақырымдық марафон-бәйге 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласынан басталып, 12 күнде 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтіп, 29 қыркүйекте Түркістан қаласында аяқталды. Жарыста Маңғыстау облысының «Көкмайнақ» командасы бірінші орын иеленіп, 24 млн теңге жүлдемен марапатталды.