Дархан Қыдырәлі жастар тәрбиесін қолға алатын бес ұсыныс айтты
Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз, сондықтан тәрбие ісіне жіті көңіл бөліне бермейді
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі қазір қоғамда өршіп тұрған жасөспірімдер мен жастар қылмысының себеп-салдарына толығырақ тоқталып, тәрбие мәселесінің ақсап жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Осы орайда сенатор Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның балалар арасында күніне 5 қылмыс жасалатынын алға тартқанын жеткізді. Сондай-ақ жастар тарапынан агрессия, буллинг, вандализм, суицид, әлімжеттік, ерте жүктілік сияқты жаға ұстатар жайттардың өршіп бара жатқанын баса айтты.
Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, биылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 4,1% көбейген. Соның ішінде Ұлытауда – 77,8%, Астанада – 54,3%, Павлодарда – 50%, Атырауда – 38,9%, Солтүстік Қазақстанда – 16,7%, Алматыда – 14,6%, Маңғыстауда – 14,3%, Шымкентте 13,6% арта түскен. Қорқыныштысы, кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыс саны 93,8% көбейген. Бұлардың арасында ұрлық – 512, тонау – 121, бұзақылық – 94, алаяқтық – 66, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 60. Ел тұрғындарының үштен бірін, электораттың жартысына жуығын жастар қамтитынын ескерсек, бұл – өте алаңдарлық жағдай, – деді Дархан Қыдырәлі.
Одан кейін сенатор жалпы цифрдан жалқы мәселелерге көшті. Мәселен, 2023 жылы 30 қазанда Келес ауданында жаппай төбелес салдарынан 9-сынып оқушысы қайтыс болды. Ақтөбеде топ бала 16 жастағы оқушыны тепкілеп өлтірді. Алматыда еріккендер ересек адамды ұрып кетті. Зайсанда қыздар аяусыз төбелесіп жүрсе, Қызылордада зорланған қыздың тағдыры баршаны алаңдатты. Кеше ғана Ақтауда желіккен топтың төбелесі желіде тарады. Ал Талғардағы жантүршігерлік оқиғада еліріп алғандар бір шөлмек сыраға бола 16 жастағы Шерзатты өлтіріп кетті.
Адам өмірі осыншама түкке тұрғысыз болғаны ма? Осындай озбырлық, қатыгездік, агрессия қайдан шығады? Мұндайда жазаны бір адамның мойнына ілмей, оқиғаға қатысы бар қаныпезердің бәрі жазалануға тиіс! – деді жоғарыдағы деректерді алға тартқан депутат.
Енді осы мәселелердің дұрыс шешімін тапқаны маңызды. Дархан Қыдырәлі ол жағын да елеусіз қалдырмады.
Әрине, жастар арасындағы проблемалар біздің ғана емес, жалпы әлем жұртшылығының алаңдаушылығын туғызып отыр. Сондықтан дамыған елдерде жастар, жаңа ұрпақ туралы ауқымды зерттеулер жүргізіледі. Елімізде бұл тақырып ғалымдар назарынан тыс қалып жатыр. Масс-медиадағы басым күш культі, танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрессияның насихатталуы қатыгездікті өршіте түсетіні аян. Әлеуметтік желілер арқылы кең таралатын ойындар жастардың танымы мен талғамын ғана емес, таңдауы мен тағдырын да қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейірін сезінбеу, отбасыдағы түрлі кикілжің мен травма, білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға социализация моделін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара алмаймыз. Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз, сондықтан тәрбие ісіне жіті көңіл бөліне бермейді. Орташа 10 мектепке бір инспектордан келеді екен, – деді ол.
Айтуынша, бүгінде жастар мәселесі түрлі министрліктердің құзыретіне бөлініп кеткен. Салаға жауапты Жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымдары жоқ. Бес облыста ғана арнайы жастар саясаты басқармасы бар, қалған облыстарда қысқарып кеткен. Мәселен, 2 млн халқының 40%-ын жастар қамтитын Түркістан облысында 600 мыңнан аса жаспен 3 қызметкер ғана айналысады. Жалақысы небәрі 70 мың теңге болғандықтан, Жастар ресурстық орталықтарына білікті кадрлар тұрақтамайды. Көптеген өңірде жеке ғимараты жоқ бұл орталықтарда 318 орын бос тұр. Жастарды біріктіретін республикалық деңгейдегі ұйымдар да жоқтың қасы.
«Біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет» деген мемлекет басшысы жастар мәселесіне ұдайы назар аударып келеді. Тиісті тапсырмалар беріп, заңдар мен бағдарламалар қабылданып жатыр. Атқарылып жатқан ауқымды істер де аз емес. Десек те бұл – ұлт болып ойланатын, қоғам болып қолға алатын өзекті тақырып. Ешқайсымыз жауапкершіліктен тыс емеспіз. Болашағымызды айқындайтын мәселеге қалдық принципімен қарауға болмайды. Кешенді, жүйелі жұмыс керек, – деп түйіндеді сөзін Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ ол мынадай ұсынысын ортаға салды:
- Тәрбие жұмысын жандандыру, мектеп инспекторларын көбейту, «Жас ұлан» сияқты ұйымдардың жұмысын трансформациялау;
- Балалар және жастар контентіне баса мән беру;
- Жастар Ресурстық орталықтарының қаржылық жағдайын жақсарту, аймақтарда Комьюнити орталықтарын ашу;
- Жастар саясаты бойынша басқармаларды барлық өңірлерде қайта құру;
- Орталық және аймақтық атқарушы органдардың жұмысын жүйелеу үшін Жастар ісі жөніндегі комитеттің құзыретін күшейту. Отбасы, демография және жастар ісімен арнаулы агенттік айналысатын Германия, Финляндия, Малайзия сияқты көптеген озық елдердің тәжірибесін де ескеру қажет.