Жанарбек Әшімжанов Үкімет басшысына ұсыныстарын айтты
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов елімізде ұлы тұлғаларға тіл тигізгендерді жазаға тартуды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауалды премьер-министр Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.
«Кейінгі уақытта қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға тас атып, мансұқтап, бағытынан адасып жүрген жастарымыздың қатары көбейіп барады. Ұлы Абайды – кришнайт, Сәкенді сатқын, Мұстафаны қашқын, Әлиханды жөйіт, Жыр алыбы Жамбылды «туфли жалағыш», Шәмшіні «арақкеш» деп, батырларымызды – байғұс, тұлғаларымызды – тулақ етіп жатқан мысалдар аз емес.
Жақында әлеуметтік желіде бір желөкпенің ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың бейнесін бас салып тоқпақтап, жұдырықтап жатқанын көріп жанымыздан түңілдік.
Кеше надандық пен топастықтың қиылысқан нүктесінен бүр жарған жас бала қазақ поэзиясының тау тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың аруағына тіл тигізді. Тұлғалардың бәрі – ұлтқа ортақ. Бұл келеңсіз оқиға бүкіл қоғамның жанын түршіктірді», - деді Жанарбек Әшімжанов.
Оның айтуынша, тиісті құзырлы орындар мен жауапты мемлекеттік органдар мұндай қадамдарға тиісті құқықтық баға беруі керек. Егер баға уақытында берілмесе, түрлі әлеуметтік топтар өз бетінше жазалау шарасына көшуі мүмкін.
Осыған байланысты депутат Үкімет басшысына өз ұсынысын айтты.
«Үкімет деңгейінде жеделдетіп ұлттық құндылықтар жүйесіне арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет. Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қолға алуы керек деп санаймыз. Ел мақтаныштарының ар-намысын аяққа таптағандар заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қастерлей аламыз. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізу жағынан қолдау көрсетуге дайын», - деді ол.