Миллиардер демалыста қандай кітап оқуға кеңес береді?
Microsoft негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс өзінің блогында «Жазға арналған 5 тамаша кітап» атты жазбасын жариялады.
Тізімде гендерлік теңдік, саяси қауымдастықтың поляризациясы, климаттың өзгеруі және өмірдің үнемі жастар ойлағандай бола бермейтіндігі туралы кітаптар бар.
Маған барлығы ұнады, сіз де өзіңіз үшін қызықты нәрсе табасыз деп үміттенемін, - деп жазды ол.
Гейтстің айтуынша, жазғы кітаптардың тізімін жасау кезінде қамтылған тақырыптарды демалыста оқу өте қиын екенін аңғарған. «Әдетте жағажайда оқылатын кітаптарға ұқсамайды», деп әзілдейді миллиардер.
«Осы жазушылардың әрқайсысы – үш жазушы, журналист және ғалым маңызды тақырыптарды күрделі баяндай отырып, қызықты ете алды. Маған бес кітаптың барлығы ұнады, сізге де пайдалы болады деген үміттемін», - деп кеңес берді миллиардер.
«КҮШ», Наоми Олдерман (The Power, by Naomi Alderman).
«Мен үлкен қызымның ұсынысын орындап, осы романды оқығаныма қуанамын. Ол гендерлік рөлдер мен гендерлік теңдікті зерттеу үшін бір ғана идеяны ақылды түрде қолданады. Егер әлемдегі барлық әйелдің денесі аяқастынан электр тогын шығаратын күшке ие болса ше? «Күшті» оқи отырып, бүгінгі күні көптеген әйелдер көрген қорлық пен әділетсіздік туралы көбірек біле түстім әрі іштей ұғындым. АҚШ-та және бүкіл әлемде осы мәселелермен жұмыс істейтін адамдарға деген алғысым арта түсті».
«НЕЛІКТЕН БІЗ ПОЛЯРИЗАЦИЯЛАНДЫҚ», Эзра Клейн (Why We’re Polarized, by Ezra Klein).
«Мен болашаққа оптимистік көзқараспен қараймын. Бірақ сабама түсіретін бір нәрсе – Америкадағы поляризацияның күшеюі, әсіресе саясатқа қатысты. Бұл кітапта Клейн бұл бөлінудің себебі – топтық сәйкестіктерге біздің шешім қабылдауымызға басшылық етуге мүмкіндік беретін адамның түйсігі екенін сенімді түрде дәлелдейді. Кітап негізінен америкалық саясат туралы болғанымен, адам психологиясы тұрғысынан да қызықты».
«ЛИНКОЛЬН ТАС ЖОЛЫ», Амор Тоулз (The Lincoln Highway, by Amor Towles).
«Тоулздың «Мәскеудегі джентльмен» романын 2019 жылы жазғы демалыста оқыған едім, бірақ осы кейінгі романы одан да қатты ұнады. Оқиға 1954 жылы шешесін табу үшін Небраскадан Калифорнияға жол тартқысы келетін екі ағайынды туралы. Тоулз әйгілі қаһарманның саяхаттарынан шабыт алады, сондай-ақ біздің жеке саяхаттарымыз ешқашан өзіміз күткендей бола бермейтінін айтқысы келген тәрізді».
«БОЛАШАҚТЫҢ МИНИСТРЛІГІ», Ким Стэнли Робинсон (The Ministry for the Future, by Kim Stanley Robinson).
«Мен былтыр климаттың өзгеруі туралы кітабымды қолға алғанда, көп адам осы романды оқуым керектігін айтты. Өйткені мұнда мен жазған көптеген мәселелердің драмалық көрінісі бар. Күрделілігі соншалықты, қортындылау қиын болса да, Робинсон қызықты идеялар мен кейіпкерлер арқылы ондаған жылдар мен континенттерді қамтитын тартымды оқиғаларды ұсынады».
«ӘЛЕМ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ», Вацлав Смил (How the World Really Works, by Vaclav Smil).
«Менің сүйікті авторларымның бірінен тағы бір шедевр. Вацлавтың өзге кітаптарынан айырмашылығы сол, оңай оқылатын және бір тақырыпты терең қамтитын бұл кітап жалпы аудиторияға арналған және оның тәжірибесінің негізгі бағыттарына шолу жасайды. Егер сіз адам өмірін қалыптастыратын көптеген негізгі күштер туралы қысқа, бірақ мұқият білім алғыңыз келсе, бұл – нағыз оқуға арналған кітап», - деп жазады Билл Гейтс.