Halyq Uni логотип
×

Нақты саясат керек: Сарапшылар жасанды зиятты реттеу туралы пікір білдірді

Елордада 18-19 қазанда ЖИ тақырыбына арналған халықаралық конференция өтеді

 Халық үні 07.10.2024 | 17:05
Нақты саясат керек: Сарапшылар жасанды зиятты реттеу туралы пікір білдірді
Фото: Halyq Uni

Бүгінде еліміздегі барлық саланы қамтитын ауқымды құқықтық реформалардың аясында үлкен деректерді және жасанды интеллект технологияларын дамыту және енгізу жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Осыған орай Қазақстан билігінің алдында ашық, тиімді әрі қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ете отырып, қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу тұрғысынан әмбебап іргелі тәсілдемені қосу міндеті тұр.

Әлбетте қоғамдық өмірдің түрлі саласына белсенді түрде енгізілетін бағдарламалық жасақтаманы қоса алғанда, жасанды интеллектіні технологиялардың жиынтығы ретінде қарастыра отырып, оны орынды пайдалану мәселелері ерекше өзектілікке ие бола түседі. Stanford University профессоры, жасанды зият бойынша курстардың авторы Юнес Бенсуда жасанды интеллект принциптері мен оны құқықтық реттеуге қатысты пікірін білдірді.

Оның ойынша, бүгінде Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша жасанды интеллект білім беру, денсаулық сақтау, тағы басқа салаларда жиі қолданылады. Сондықтан оны құқықтық реттеу қажет.

Қазақстан ЖИ реттелуі керек, өйткені ол білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару сияқты салаларда көбірек қолданылады. Мемлекеттік білім беру саласындағы мекемелермен жұмыс тәжірибемізге сүйене отырып, біз студенттердің CHATGPT сияқты жасанды интеллект құралдарын кеңінен қолданатынын анықтадық. Мемлекеттік орган тарапынан бұл бағытта нақты ұстанған бірегей саясат әзірленгені дұрыс. Айталық, жасанды зиятты сыныптарда қолдануға рұқсат беру керек пе, оны қалай пайдалану керек және оқу процессін жақсарту үшін қалай пайдалана аламыз, тағы осы сияқты маңызды мәселелер жан-жақты талқыланып, нақты шешім шығарған жөн. Мысал ретінде айта кетейін, біздер білім беру мекемелерімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Осы жұмыстың нәтижесі аз ғана күш-жігердің өзі айтарлықтай пайда әкелетінін көрсетіп отыр. Тиісті реттеу жұмыстары білім беру сапасын жақсартып, сонымен қатар, студенттерге еңбек нарығы үшін қажетті дағдыларды дамытуға көмектеседі. Яғни, бұл оларды бәсекеге қабілетті және болашақта жұмысқа орналасуға дайын етеді. Сондықтан ЖИ пайдаланудағы ережелер жүйелілігінің арқасында ЖИ-дің артықшылықтары білім беруден тыс денсаулық сақтау, логистика және барлау сияқты салаларға да таралуы мүмкін, – дейді ол.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры Сәкен Абдолланың пікірінше, бүгінде ЖИ келтіретін залал үшін жауапкершілік және оның құқықтық субъектілігі жөніндегі мәселе бойынша ортақ пікір қалыптасқан жоқ.

Жасанды интеллект технологияларын пайдаланудың құқықтық аспектілері әлі де елімізде қызу талқыланып жатыр. Қазір ЖИ келтіретін залал үшін жауапкершілік және оның құқықтық субъектілігі жөніндегі мәселе бойынша ортақ пікір жоқ. Жасанды интеллектіні құқықтық реттеудің тиімді тетігін құру үшін Еуроодақтың тәжірибесі мен «Жасанды интеллект туралы актінің» ережесін пайдалы деп санаймыз. Жасанды интеллектіні қолдану барысында адам құқығы мен бостандығын бұзу жөніндегі ықтимал қатерлер халықаралық құқықтық нормаларды ескере отырып, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізуді талап етеді, – деді Сәкен Абдолла.

Сондай-ақ, Юнес Бенсуда жасанды зияттың принциптеріне қатысты пікірімен бөлісті. Оның сөзінше, жасанды интеллекттің негізгі принциптері ашықтықты, әділдікті, есеп беруді және жеке өмірді құрметтеуді қамтуы керек. 

Басқа оқу орындарының не істеп жатқанын айта алмаймын. Алайда білім беру мекемелерімен жұмыс тәжірибемізге сүйене отырып, өз пікіріммен бөлісе аламын. Әдетте құпия ақпаратты қорғау үшін біздің жасайтын алғашқы қадамымыз – деректерді шифрлау, құпиялылықты қорғау үшін пайдаланушы есімдері мен жеке басын жасыру және жеке деректердің кез келген күтпеген экспозициясын болдырмау үшін құпиялылықтың дифференциалды әдістерін қолдану. Дифференциалды құпиялылықтың көмегімен белгілі бір пайдаланушы ақпаратын ашпай-ақ топтау түрінде үлгілерді аламыз. Сондай-ақ, деректерге қол жеткізуді шектеу үшін тек уәкілетті персоналға басқаруды енгіземіз. Яғни, белгілі бір деректі табу, пайдалану үшін арнайы модельдер оқытылады. Бірақ, әрбіріне сақтық шарасы ретінде әрекет ететін кез келген ықтимал ақпараттың таралып кетуін анықтайтын орташа бағдарламалық құрал деңгейін пайдаланамыз. Бұл процедуралар нейрондық желілерді пайдалануымыздың цифрлық құқықтарды бұзбауын қамтамасыз етуге көмектеседі. Алайда егер ЖИ басқаша қолданылатын болса, бұл ережебұзушылықтарға оңай әкелуі мүмкін, – деді профессор Юнес Бенсуда. 

Айта кетейік, Юнес Бенсуда Астанада өтетін CONNECTED-2024 конференциясына қатысатын спикердің бірі. Елордада 18-19 қазан аралығында өтетін «CONNECTED-2024: келешектің бейнесін пайымдау» жөніндегі халықаралық конференцияға 20-дан астам елден 1500 делегат қатысады деп жоспарланып отыр.

Спикерлер қатарында Нобель сыйлығының лауреаттары, ғалымдар, жазушылар, мемлекет қайраткерлері (Герд Леонгард, Марк Миневич, Юнес Бенсоуда, Рае Квон Чунг, Йонг Джао, Питер Франкопан және т. б.) бар. Конференция барысында болашақты модельдеу және болжау, ЖИ дамуы, білім саласындағы жаңашылдық және т.б. тақырыптар талқыланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама