Сол реферондумды өткізуге 15,5 миллиард теңге жұмсалған
Қазақстанда Атом электр станциясын салу бойынша референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетсек, «Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» жеке қоры 6 қазанда өткен АЭС құрылысы мәселесі бойынша республикалық референдумда дауыс беру күні Exit poll (референдум учаскелерінен шыққан азаматтар арасында сауалнама) өткізген болатын.
Қазақстанның 189 учаскесінде дауыс берген 283 519 азамат қамтылды. Олардан референдум аясында қойылған «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа қалай жауап бергені сұралды. Бұл ретте Exit poll нәтижесінде АЭС құрылысын қолдап, «иә» деп дауыс бергендер саны сауалнамаға қатысқан адамдардың 69,8 пайызын қамтыды. Сауалнамаға қатысқандардың 30,2 пайызы келісімін бермеген. Учаскелерге келу көрсеткіші 67,3 пайыз деңгейінде тіркелді, - деді «Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» жеке қорының талдаушысы Әлібек Тәжібаев.
Cонымен қатар қоғамдық саясат институтының Exit poll нәтижесінде қатысушылардың 72,3 пайызы АЭС құрылысын қолдаған.
Қоғамдық саясат институты барлық өңірде Exit poll өткізді. Сауалнама барысында 600-ден аса интервьюер мен супервайзерлер жұмыс істеді. Exit poll-ға 44 160 азамат қатысты. Сауалнама 300 дауыс беру учаскесін қамтыды, - деп атап өтті Қоғамдық саясат институтының сарапшысы Медет Өмірзақов.
Оның айтуынша, сауалнаманы Exit poll әдістемесі бойынша арнайы оқытылған кәсіби интервьюерлер жүргізген.
Сауалнама нәтижесінде қатысушылардың 72,3 пайызы Қазақстан АЭС құрысына келісемін деп дауыс берген, ал қарама-қарсы пікірді 27,2 пайызы білдірген.
Еуразиялық интеграция институты еліміздің барлық өңірінде дауыс берген азаматтар арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама 250 учаскені қамтыды. Оның 159-ы қалаларда, 91-і ауылдық жерлерде орналасқан. Арнайы даярланған респонденттермен face-to-face әдісі арқылы 30 546 азамат сұралды. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды.
Exit poll нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 71,8%-ы «Иә, келісемін» деп жауап берген, қалған 28,2%-ы «Жоқ, келіспеймін» жауабын таңдаған.
Еске сала кетсек, қазір осы Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум өткізуге 15,5 миллиард теңге жұмсалып отыр.