Halyq Uni логотип
×

Мектепке орамалмен бару: Жоғарғы сот өкілі заң нормаларын қайта түсіндірді

Кейін ата-аналардың да жауапкершілігі мәселесі көтеріліп, жасөспірімдердің діни еркіндігінің шегі көрсетіледі

 Халық үні 04.10.2024 | 22:22
Мектепке орамалмен бару: Жоғарғы сот өкілі заң нормаларын қайта түсіндірді
фото: freepik.com

Жоғарғы соттың Әкімшілік істер жөніндегі алқасының төрағасы Аслан Түкиев Судьялар съезі кулуарында елімізде мектепке оқушы қыздардың орамал тағып баруы мәселесі туралы айтты, – деп хабарлайды Halyq Uni.

Алдымен ол Қазақстан заңдарында белгіленген нормаларды еске салды.

Ол немен келсе де заң бойынша балаларды орта білім алу құқығынан айыруға әлі жол берілмеген. Яғни кез келген оқушы мектепке кіргізілуі керек, - деді Аслан Түкиев.

Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің бірыңғай мектеп формасын бекітетін заңнамаішілік актісі бар.

Ол расында да орамалды тағуға рұқсат бермейтін ережелерді бекіткен. Бұл бұйрық заңнан шығып отыр. Бірақ заң да, бұйрық та білім алуға деген конституциялық құқыққа санкция сала алмайды. Сот осыны айтып отыр. Бірақ біз заң шығарушы органның осы сұраққа жауап бергенін қалаймыз, - деді Жоғарғы сот өкілі.

Сондай-ақ ол уақыт өте келе ата-аналардың да жауапкершілігі мәселесі көтерілетінін еске салды. Жасөспірімдердің діни еркіндігінің шегі қандай болатыны да айтылады. Осы сұрақтың бәріне заңнама жауап беруге тиіс.

Айта кетсек, бұған дейін құқық қорғаушы Жаслан Айтмағанбетов желідегі парақшасында Жоғарғы соттың шешімімен мектепке орамалмен кіргізілмеген оқушылардың құқығы қорғалғанын хабарлаған болатын. Осыдан кейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты» деген ақпарат тарады. Алайда құзырлы орган бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Бейінді министрлікте орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктер бар. Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған, - деп түсінідірілген еді сонда Жоғарғы сот хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама