Мәжіліске екі рет өтпей қалғаныма Бекболат Тілеуханның қатысы жоқ – Аманжол Әлтаев
«AQ сөйле» жобасының кезекті қонағы - Аманжол Әлтаев
Айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Halyq Uni сайтының Youtube арнасына берген сұқбатында депутаттыққа қалай келгенін айтып, ел аузында жүрген «Жерлесі Бекболат Тілеухан екі рет алдын орап кетіпті» деген әңгімені түсіндірді.
«Депутат болмай тұрып праймеризге түсіп, жеңіп тұрып өтпей қалдым. Бірақ партияның резервінде тұрдым. Кей депутаттар басқа жұмысқа ауысады, басқа да себептері болады. Сол себепті резервке іліктім. Сондықтан Бекболат ағамен байланыстырып керегі жоқ деп ойлаймын. Менің өтпей қалғаныма ол кісінің ешқандай қатысы жоқ», - дейді депутат.
Аманжол Әлтаев депутат болу туралы ұсынысты өзі айтпағанын жеткізді.
«Оған бола ешкімге өкпелеп, тосын мінез көрсеткен жоқпын. Әр нәрсенің бір қайыры болады, соны күттім. Уақыты келген кезде өздері ұсыныс жасады. Мен ешкімге барып депутат болайын деген жоқпын. Яғни, сіз резервте тұрсыз, сіздің кандидатураңызды Мәжіліс депутаттығына ұсынып жатырмыз деді. Мен қабылдадым», - дейді ол.
Еске салайық, биыл 3 наурызда Amanat партиясынан Мәжіліс депутатының бос мандатын партиялық тізім бойынша Аманжол Әлтайға беру туралы шешім қабылданды.