«Қазақстан халқына» қоры қайырымдылық жобалар операторы болғысы келеді
Қазір қорлардың есеп беруін міндеттейтін норма жоқ
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры әлеуметтік мәселелерді шешу үшін қайырымдылық жобаларының операторы болғысы келеді. Бұл туралы қор басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қор өңірлердегі оңалту мәселесін қарастырып отыр. Оңалту орталықтары ірі қала, облыс орталықтарында ғана емес, аудандарда да қолжетімді болуы керек. Сапасы да жоғары да болуға тиіс. 19 ауданда оңалту орталықтарын ашуға бағытталған жобаны бекіттік. Бір ай бұрын Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында бір орталық ашылды. Одан кейін Алматы облысындағы Кеген ауданында аштық. Аудандарда инфрақұрылым жетпей жатыр. Керек нысан жоқ. Сол нысанды ірі компаниялар қосылып салып берсе, қор нысанға құрал-жабдықты алу әрі жеткізеді. Серіктестер көмегімен ол жерде жұмыс істейтін мамандарды шетел білімімен қамту, біліктілігін арттыруды көздеп отырмыз, - деді Шыңғысбаева Ұлттық қайырымдылық конференциясында.
Оның сөзінше, «Қазақстан халқына» қоры әлеуметтік мәселелерді шешу үшін қайырымдылық жобаларының операторы болуға ниетті. Соған байланысты қазірге дейін қайырымдылық қорларының жұмысына қатысты заңнамаға қандай өзгерістер енгенін және келешекте енуі мүмкін жаңашылдықтар туралы да сұрадық.
«Заңнаманы қарастырған кезде өз тарапымыздан ұсыныстар жасадық. Қазір қайырымдылық туралы заң және Үкіметтік емес ұйымдар туралы заң бар. Қор жұмысын бастаған кезде екі заңның ішінде бір-біріне сәйкес келмейтін тұстарын көрдік. Соған қарай ұсыныс бердік. Қайырымдылық қорлары екі заңды да пайдаланып жұмыс істей алады», - дейді Ләззат Шыңғысбаева.
Қор басшысы орынбасарынан «қазір қайырымдылық қорлары демеушілерден түскен қаражат туралы есеп беруге міндетті ме?» деп сұрадық.
Бұрын халық қайырымдылық қорларына көптеген қаражат аударатын еді. Қазір ашықтықты талап етеді. Қосқан қаражатым қайда жұмсалды, қандай нәтиже көрсетті деп сұрайды. «Қазақстан халқына» қорының жұмыс істеп тұрғанына үш жыл болды. Бізде алдымен осы мәселе талқыланды. Ресми сайтымызда кіммен келісім жасалғаны, қанша қаражат бөлінгені, қай елді мекен екені бәрі көрсетілген. Ақпарат министрлігінде құрылған комиссия бізге хабарласып, ашықтық бойынша ақпарат алды. Жұмыс тобына тәжірибемізді көрсеттік. Қазір мұндай (ақпаратты ашық жариялау) норма жоқ, пысықталып жатыр. Мұны жақында енгізу қарастырылып жатыр, - дейді Ләззат Шыңғысбаева.