Ал қазіргі өндіріс оны қамтамасыз ете алмайды
Еліміздегі 30 ірі жобаға қазірден инвестиция тартса, оларға шамамен 8 ГВт электр энергиясы қажет болады. Ол дегеніңіз, қазіргі өндіріс көлемінің жартысына тең. Оның үстіне, болашақта халық санының, экономиканың өсуі тұтыну көлемін тым арттырады. Ал АЭС салынатын болса, ол тығырықтан шығара алады әрі экологиялық тұрғыдан әлдеқайда тиімді. Бұл туралы Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов «Сұрауы бар» ютуб-арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның болжамынша 2030-2035 жылдарға дейін тұтыну деңгейі сағатына 153 млрд КВт-қа дейін көтеріледі.
Халық санының, экономиканың өсуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, электр қуатын көп тұтынатын жобалар қазірден бастап талқыланып жатыр. Мысалы, елімізде қазір тау-кен металургия компаниялары алдағы 5-10 жыл ішінде өнім шығару көлемін ұлғайтады деген өздеріне міндеттеме алған. Себебі, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экономиканы 2 есе көтеру керек.
Соның аясында электр энергиясын көп тұтынатын ірі компаниялар жоспарларын айтқанда біз одан тұтыну деңгейі едәуір көтеріледі деген нақты болжам көріп отырмыз. Мысалы, Теміртаудағы Qarmet 2023 жылы 3,063 млн тонна өнім шығарған болса, 2027 жылы жоспар бойынша 5 млн тоннаға дейін апарады деген жоспар қойып отыр. Бір Qarmet-тің өзінде өнімі 2 еседей ұлғаяды. Тек ірі компаниялар ғана емес, орташа компаниялар да өнім шығару деңгейін көтерейін деп жатыр. Бұның барлығы тұтуны деңгейіне тікелей әсерін тигізеді, – дейді ол.
Оның сөзінше, бүгінгідей дүние жүзінде инвестицияға талас күшейген шақта оны неғұрлым шапшаң қолға алып, Қазақстанға тарту қажет. Есептеп қарағанда, қазірден бастап шамамен 30 ірі жобаға инвестиция тартылса, оларға шамамен 8 ГВт электр энергиясы қажет болады. Ол дегеніңіз, қазіргі өндіріс көлемінің жартысына тең.
Сондықтан Қазақстан жаңа жобаларға инвестиция тартатын болса, оларға тиісінше жер беріп, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Оны қазірден қолға алмаса, инвестициялар елге келе қоймайды.
Сарапшының сөзінше, тағы бір айта кетерлік мәселе, референдумда АЭС саламыз деп шешім қабылдайтын болсақ, бұл станция шамамен 10-11 жылда салынады, сөйтіп, 2035-2036 жылдары іске қосылады. Бірақ бұл көмір генерациясын ұмытамыз деген сөз емес.
Өңірлерді аралағанда жергілікті кәсіпкерлер электр энергиясын тоқтаусыз тұтыну қажеттілігі туралы ашық айтып жатыр. Себебі, оңтүстік өңірлерде электр энергиясы тапшы. Кейде электр қуаты жетпей жатқанда кешкі уақытта сол кәсіпкерлерді 1-2 сағатқа өшіруге тура келеді. Соны болашақта болғызбас үшін қазірден бастап тоқтаусыз тұтынатын электр энергиясының базалық генерациясы керек, – дейді Талғат Темірханов.
Оның үстіне, болашақта көміртегі қалдықтарын азайту үшін де жаңа генерация керек болатынын айтады. Ал АЭС көмірді тұтынбайды, қалдықтары да едәуір төмен. Мысалы, көмір жағатын орташа бір станция жылына миллиондаған тонна қатты қалдық шығаратын болса, АЭС қалдығы жылына бір жүк көлігіне сияды. Сондықтан экологияға да тиімді жоба саналады.
Егер референдумда АЭС саламыз деген тоқтамға келсек, біздің ойымызша, болашақта кемі 3-4 станция керек болады, – деді сарапшы.