Halyq Uni логотип
×

«Алматыда жыл бойы жұмыс тоқтамайды»: қала тазалығына жауап беретін жұмысшымен әңгіме

49 жастағы Олег Ледер бұл жұмысты үш жылдан бері атқарып келеді

 Айгерім Таубай 29.09.2024 | 11:14
«Алматыда жыл бойы жұмыс тоқтамайды»: қала тазалығына жауап беретін жұмысшымен әңгіме
Фото: Олег Ледердің архивінен

Қазақстанда қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні тойланады. Соған байланысты Halyq Uni тілшісі Алматының Медеу ауданында «Алматы тазалық» мекемесінде көлік жүргізушісі болып жұмыс істейтін Олег Ледермен әңгімелесіп, жұмысының қыр-сыры туралы сұрады.

49 жастағы Олег Ледер бұл жұмысты үш жылдан бері атқарып келеді.

Көлік жүргізушісі болған соң жүк тасушылармен бірге жұмыс істеймін. Қаладағы қоқысты алып кетуге бірге барамыз. Біз барғанша аула сыпырушылар қоқысты жинап қояды. Одан бөлек көлікті күтіп-ұстаймын. Әдеттегі жұмыс кестеме келсек, жұмыс таңғы 8-де басталады, бірақ жұмысқа 20 минут ерте барамыз. Көлікті алып, қай маршрут бойынша қозғалатынымызды бекітуге, көлікті дайындауға уақыт керек. Ал жұмыс уақыты кешкі 5-те аяқталады, бірақ көлікті өткізіп, жұмысқа жеткенше сағат 6 болады, - дейді Олег.

Айтуынша, қызметкерлер кептелісте тұрмауы үшін жұмыс күнін кешкі 5-ке дейін етіп бекіткен. Олег Ледер мұның алдын ала қарастырылғанын айттып өтті.

«Медеу ауданы 15-20 маршрутқа бөлінген. Кімді қай маршрут бойынша жіберуді, қандай бөлік бөлуді жауапты маман шешеді. Күнде бір бағытта жұмыс істеу деген жоқ, бағыт өзгеріп отырады. Кейде бірнеше күн қатарынан бағытымыз қайталанады», - дейді ол.

Олег Ледер бұған дейін тек КамАЗ көлігімен жұмыс істеген. Қалалар арасында қатынап, шетелге де барған.

«Алматы тазалыққа» жұмысқа келген кезде маған берген көлік бұзылып қала беретін. Өзім жөндеп жүргенімді көріп, басшылық «жаңа көлік келгенде саған да беріледі» деді. Бұған жұмысқа уақытында келіп кетіп жүргенім де әсер етті деп ойлаймын. Жаңа көлікке отырғаннан кейін КамАЗ рөліне отырғым келмей қалды. Жұмыс үшін жаңа көлік берілуі үшін жұмыс істедім. Оған дейін ең жақсы көлік КамАЗ деп ойладым, осы жұмысқа кіріскелі бұл ойым өзгерді. Көліктің есігін қатты жапқандарға ұрысамын, - дейді ол күліп.

Олег Алматыда туып өскендіктен қалаға жанашырлықпен қарайтынын айтады. «Алматы тазалыққа» жұмысқа орналасуына да сол әсер еткен.

«Жолда балмұздақ жеп жүріп, қабығын көшеге тастайды. Бірақ екі аттам жерде жерде қоқыс жәшігі тұрады. Мұндай жастар да бар. Осы жағынан тәртіп, тазалық болғанын қалаймын. Қоқысты тастағанын көрсем, ескерту жасаймын. Осы қалада туып-өскен соң жанашырлықпен қараймын», - дейді Ледер.

Айтуынша, Алматыда жыл бойы жұмыс тоқтамайды. Жаз шықса, туристер мен қалаға келетін қонақ қарасы көбейеді. Тұрғындар еңбек демалысына шығып, демалады. Ал күзде қураған ағаштар жерге түсіп, оны жинау қажет болады. Қыс келсе, қар жауады. Осылайша жұмыс тоқтамайды.

Қыста қар қалың жауған уақытта жұмыс ұзаққа созылып кетеді. Ондай кезде артық жұмыс істеген уақыт үшін сыйақы беріледі, - деп түйіндеді Олег Ледер.

Айта кетейік, президенттің 2013 жылдың 22 қарашасындағы №698 жарлығы негізінде Қазақстанда қыркүйектің соңғы жексенбісі «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленген.

Бұл күннің негізні мақсаты – еңбек өнімділігін ынталандыру, қарапайым жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру және оған жастардың назарын аудару.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама