Halyq Uni логотип
×

Динара Зәкиева жасөспірімдер суицидінің себептерін атады

Өз-өзіне қол салатын жеткіншектердің орташа жасы да белгілі болды

 Қымбат Елтайқызы 22.09.2024 | 13:18
Динара Зәкиева жасөспірімдер суицидінің себептерін атады
фото: facebook.com/dinara.zakiyeva

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева кәмелетке толмағандар арасындағы суицид проблемасы, оның алдын алу, себептерін анықтау және олармен жұмыс істеу жөніндегі шаралар жайына кеңінен тоқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл жайттар мемлекеттік кеңесші Ерлан Кариннің төрағалығымен өткен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте қаралды. Осы жиында талқыланған мәселелер жайында балалар омбудсмені әлеуметтік желіде арнайы жазба жариялады.

ІІМ мәліметтері бойынша, балалар арасында суицид жасаушылардың орташа жасы 15-17 жасты құрайды. Алайда одан да ерте, яғни 11-13 жастағылар арасында да жағдайлар жиі кездеседі. Негізгі себептері: 

  • жалғыздық, 
  • ата-аналарымен, туыстарымен, құрдастарымен қарым-қатынасы, 
  • буллинг, қорқытып-үркіту құрбаны болғанда,
  • сонымен қатар, қазіргі әлемде әлеуметтік желі де суицидке түрткі болып жататыны жасырын емес.

Осыған байланысты аталған кеңесте киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі суицидті насихаттайтын ақпаратты таратудың 22 фактісін анықтады. Оның нәтижесінде 19 материал жойылды, зорлық-зомбылықты насихаттайтын ақпарат таратудың 157 фактісі, оның ішінде 56 интернет-ресурс шектелді, сондай-ақ 101 материал бойынша хабарламалар жіберілді», – деп жазды ол Facebook парағында.

Зәкиева бүгінгі таңда аталған министрлік Telegram және Meta өкілдерімен байланысып, балаларды тарту үшін пайдаланылуы мүмкін белгілі бір атаулары бар барлық топты жоюды сұрағанын баса айтты.

«Кеңеске қатысушылар ата-аналармен ақпараттық жұмыс жүргізу туралы мәселені көтерді. Атап айтқанда, ата-аналар балалардың мінез-құлқындағы қандай өзгеріске назар аударуы керек және баланың көмекке мұқтаж екенін қалай түсінуге болатындығы тұрғысында», – дейді маман.

Оның айтуынша, алдын алу шараларына баланың хабарласу құралдарын құру жатады.

Сондықтан біз ЦДИАӨМ-мен балалар да жиі жүгінетін 111 байланыс орталығының жұмыс сапасын арттыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, жақында зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыз хабарласты. Оның өз-өзіне қол жұмсау ниеті бары анықталды. Қоңырау нәтижесінде күдікті ұсталды. Тергеу жүріп жатыр. 11 айда психоэмоционалды жағдай және суицид жасауға ниеттену мәселелері бойынша 1 237 өтініш түскен. Барлығы 75 мың қоңырау түсті. Әрине, мектептердегі балалармен жұмыс жайы да талқыланды, – дейді омбудсмен.

Ең алдымен, бұл жеке қауіпсіздік дағдыларын үйрету. Осы айдан бастап барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары енгізілді. Біз бір жыл бойы балалардың құқықтарын қорғау комитетімен жұмыс істедік. Барлығы – 130 сабақ. Сондай-ақ, 110 мектепте Kiva-ның буллингке қарсы бағдарламасын сынақ ретінде енгізу басталды. Ол келесі жылы барлық мектепке де енгізіле бастайды.

Суицидтік көңіл-күйді, буллингті, зорлық-зомбылықты уақтылы анықтаудың негізгі бағыттарының бірі – осы жазда жаңа заңға сәйкес ашылған психологиялық қолдау орталықтарының жұмысы. Өкінішке қарай, тәжірибе көрсеткендей, мектеп психологтары нашар психоэмоционалды жағдайдың айқын белгілері бар балаларды анықтай бермейді, тіпті олармен қалай жұмыс істеу керегін білмейді немесе бұл ақпаратты елемейді. Сондықтан орталықтар мектеп психологтарымен жұмыс істейді, оларды оқытып, әдістемелік қолдау көрсетеді, ол жалпы іштей бұйыққан, кешенді көмекті қажет ететін балаларды анықтауға бағытталады. Сондай-ақ, қаңтардан бастап барлық мектепте 500 балаға бір психолог болуы керек (қазір 1500 балаға – біреу).

Кеңес барысында әкімдіктердің осы жұмысқа қатынасы мәселесі көтерілді. Барлық өңір осындай орталықтардың сапалы жұмысын қамтамасыз еткен жоқ, кадрлармен қамтамасыз етілмеген, мектептермен өзара іс-қимыл басталмаған, мектептермен және психологтармен жұмыс кестесі жасалмаған. Атап айтқанда, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Түркістан облыстарында жұмыс істеуді талап ететін мәселелер бар.

Қазір өңірлерге жасаған сапарым барысында мен осы орталықтарға ат басын тіреп, олардың міндеттерін түсіндіріп, жұмысқа дайындығын тексеремін. Суицидтің алдын алуда денсаулық сақтау жүйесімен өзара әрекеттесу өте маңызды. Биыл өзара жұмыс істеу үшін бірлескен бұйрықтар мен алгоритмдер қабылданды. Кеңес барысында, өкінішке қарай, өңірлердегілер бұл алгоритм туралы да, бұйрықтар туралы да білмейтіні айтылды. Сондай-ақ, 10 жастан асқан балалармен жұмыс істейтін жастар денсаулық орталықтарының қызметіне қатысты сұрақтар бар. Олар балалардың өтініші бойынша жұмыс істей бермейді. Сондықтан бұл көмекке мұқтаж балаларды қамту көлемін де азайтады. Осы жайттың барлығын тексеру үшін прокуратураға тапсырдық, – дейді уәкіл.

Қазір шешіліп жатқан мәселелер де бар. Соның ішінде балалардың құқықтарын қорғау құрылымын нығайту, қамқоршылық қызметкерлер санын арттыру және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекция жұмысын жақсарту. Сонымен қатар, орталық деңгейде 2023-2024 жылдары барлық қажетті заң, кешенді жоспар мен бұйрық қабылданғаны атап өтілді.

«Қазір ең бастысы – әкімдіктердің барлық қарастырылған шешімді енгізу бойынша сапалы жұмыс істеуі. Кеңесте болып жатқан оқиғаларға жедел ден қою шаралары қабылданды. Сондай-ақ жүйелі шешімдерді тиімді енгізу үшін барлық қажетті шара пысықталды. Нәтижесінде Ерлан Тынымбайұлы кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бойынша мемлекеттік органдармен кездесулер ай сайын өткізіліп, барлық қабылданған шешімнің орындалуын бақылайтынын атап өтті», – деп қорытындылады Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Кеше Алматыда тұрғын үй кешендерінің бірінде жасөспірім 13-қабаттан секіріп, мерт болды. 2024 жылдың 16 қыркүйегінде Алматыда тағы екі жеткіншек биік үйдің төбесінен құлап, қаза тапты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама