Мемлекеттің дін қызметкерлерін саяси тұрғыдан пайдалануы дұрыс емес - теолог

Халық үні

Оның айтуынша, имамдарды саясатқа тәуелді қылу арқылы қоғамдағы беделіне нұқсан келтіреміз

фото: Halyq Uni

Мемлекет пен дін арасында әлі ара-жігі ажыратылмаған дүниелер бар. Дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы зайырлылық пен діншілдік турасында пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәселен, зайырлы мемлекетпіз деп айтамыз да имамдар мен дін қызметкерлерін саяси науқандарға тартамыз. Олар ресми жиналыстарға қатысып, ресми баяндамалар жасауы мүмкін. Дін қызметкері белгілі бір конфессияның, діннің өкілі болғандықтан сол діннің мүддесіне қарай жұмыс істейді, сол діннің құндылықтарын уағыздап, таратады. Ал ол мемлекет саясатының ыңғайына жығылып, діндегі үкімді жоққа шығармауы керек. Шығармаса, саясатқа қайшы келеді. Шығарса, дінге қайшы келеді, - деді Кеңшілік Тышқанұлы «Сұрауы бар» YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Теологтың айтуынша, имамдарды саясатқа тәуелді қылу арқылы қоғамдағы беделіне нұқсан келтіреміз.

Егер діндегі адамды саясатқа пайдалансақ, абыройын түсіріп аламыз. Кейін оны жамағат немесе артынан ерген діндестері саясаттың қолшоқпары деп айыптап, мойындамайтын болады. Есесіне әлеуметтік желілердегі шындықты бұрмаламай жеткізетін уағызшыны тыңдайды. Міне, осы дұрыс айтып отыр деп соның соңынан ереді. Осы секілді мәселелерде зайырлылық пен діншілдіктің арасындағы шекара айқындалған жоқ, - дейді дінтанушы.