×

«Көктем мен күзде қозады»: Мешітте пышақпен полицейлерге қарсыласқан жігіт кім?

Бұл жердегі қателік – адамдар 102 емес, 103 немесе 109-ды шақыруы керек еді, - дейді психотерапевт

 Халық үні 20.09.2024 | 19:50
фото: видеодан скриншот

Астанада шапан мен тақия киіп, пышақ ұстап, мешітте 20 шақты полицейге қарсыласқан азаматтың туыстары көмек сұрайды. Айтуларынша, шизофрения диагнозы қойылған 36 жастағы Таубажан Уатхан ауырған кезде осындай кейіпте жүреді. Алайда адамдарға зиянын тигізбейді екен, деп хабарлайды Halyq Uni «Көреміз» бағдарламасына сілтеме жасап.

Ауру адамға жабылған полицейлердің әрекетіне наразы болған туыстары оны уақытша ұстау изоляторынан шығарып, ауруханаға жатқызуын сұрайды. Анасы, жұбайы мен інісі Таубажан Уатханның бұл ауруға қашан, қалай шалдыққанын және оқиғаның анық-қанығын түсіндіріп берді.

Айта кетсек, Таубажан Уатхан – Моңғолияның Қобда қаласында туған. Оның отбасы Теміртау қаласына 1992 жылы көшіп келген. Екі баланың әкесіне F20 параноялық шизофрения диагнозы қойылған. Ал 2024 жылы 2-топ мүгедектігі бар анықтама берілген.

Екі ұлым бар. Соның бірі – Таубажан. Ол 2006 жылдан бері, 18 жасынан бастап тіркеуде тұрады. Ауырған кезінде шапаны мен тақиясын киіп алып, көп сөйлейді. Артық сөздер айтып, поэзияны көп оқып, әртүрлі фото жібереді. Сосын кейде тамақ ішпей, арықтай бастайды. Біз бірден түсініп, мұндай кезде полиция шақырамыз. Ал ол соны біліп, қорыққанынан пышақ ұстайды. Жалпы ауруы қозғанда пышақты орап-орап, қалтасына салып жүреді. Бірақ ешкімге зияны жоқ. Полициядан қорқады. Апарып жатқызғанда ұра ма, білмеймін. Балам ауруханадан шығып, сауыққан кезінде шапанын кимей қалады. Ауру көктем мен күзде қозады, – деді анасы Аққайша Алхай.

Таубажан зайыбы Гүлжайна Исханмен 6 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Олардың екі қызы бар.

Сөз саларда ауруы туралы білмедім. Отбасын құрғаннан кейін барып естідім. Отбасылық өмірімізде бәрі жақсы. Бір ай жазылып шығады. Келген соң балаларына қарайлап, жұмысқа кіреді. Балаларына қажетті заттарын алып береді. Маған қол көтермейді. Балалары болғасын ұрысып, айғайламайды да. Сол күні ата-анасы мән-жайды хабарласып түсіндірді. Ауырып жүргенін, ауруханаға түсетінін айтты. Сосын полициядан 2 адам, шамалары жетпесе, 4 адам келеді. Сол кісілер ауруханаға апарып жатқызады. 8 тамызда үйден кетіп қалды. Ауырған кезде солай үйде көп болмайды. Төрт полицейге киініп шығамын деп сыртта күткізіп қойып, сол кезде өзі терезеден шығып, қашып кеткен, – дейді Гүлжайна.

Таубажанның інісі Сапарбек Уатхан оның студент кезінде жұмыс істеп жүрген шағында басынан қатты соққы алып, осындай ауруға шалдыққанын айтады.

Ал психолог мешіттегідей құбылыстың диагнозы бар адам үшін қалыпты жағдай екенін түсіндірді.

Параноялық шизофренияда адамда ұлылық сезімі болады, өзін құдіреттімін деп сезінеді. Өзін күштімін деп сезініп, сондай әрекет жасайды. Галюцинация өздігімен жүреді. Шапан киіп, тақиямен образды қалыптастырып алған. Бұл жердегі қателік – адамдар 102 емес, 103 немесе 109-ды шақыруы керек еді, – деді психотерапевт Санжар Тұрсынметов.

Полицейлер болса, сол оқиға салдарынан әріптестерінің біріне дене жарақаты келгенін айтып отыр.

Билік өкіліне дене жарақатын салу бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Ары қарай сараптама жасалып, ауруханаға мәжбүрлі жатқызу немесе заңмен жазалау қарастырылады, – деді ведомство өкілдері.

Бірақ Таубажанның жақындары оны уақытша ұстау изоляторынан шығарып, ауруханаға жатқызуды сұрайды. Олар полицейлердің ауру адамға орындық лақтырып, қабағын жарып жібергені дұрыс емес деп отыр. Ұрып-соқпаса, оның ешкімге зияны жоқ көрінеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама