Halyq Uni логотип
×

«Этноспорт туралы зерттеу аз»: этнограф көшпенділер ойындарын реформалау қажет деп санайды

Ойынға қатысатын елдерге компромисс керек деп есептейді 

 Халық үні 19.09.2024 | 18:05
«Этноспорт туралы зерттеу аз»: этнограф көшпенділер ойындарын реформалау қажет деп санайды
Фото: Halyq Uni

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын елдер жарыстың принциптері мен ережелері бойынша ортақ компромиске келуі керек. Астанада өткен ойынға Венгриядан келген ғалым көшпенділер ойындарына реформа қажет екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тарих ғылымдарының кандидаты Бабақұмар Қинаят Венгрияда әлеуметтік-мәдениеттік антропология орталығында жұмыс істейді. Оның айтуынша, көшпенділер ойындарына ұқсас іс-шаралар Мажарстанда жиі өтіп тұрады. Алайда олар спорттық жарыс емес, фестиваль түрінде өтеді.

Олимпиадалық бағдарламаға енбеген мұндай этникалық спорт Африка, Азия мен Еуразияда кең таралған. Негізгі акцент Еуразияның көшпелілеріне тән жауынгерлік сайыс сипатындағы спорт түрлері. Бүгінде этноспорт бағытындағы зерттеулер тиянақталмаған, ғылыми негізделмеген. Көп мемлекеттердің ғалымдарын қатыстыра отырып, кешенді бағдарлама әзірлеп үлкен жоба жасау керек. Семинар, дискуссия, конференция өткізіп, одан кейін алғашқы нәтижелерін жариялап, жалпы әлемдік этноспортқа қатысты анықтамалар, энциклопедиялар мен еңбектерді жазу керек. Солай тиянақтылау қажет, - деді ол.  

Сондай-ақ ғалым этникалық спорт туралы ғылыми зерттеулер аз екенін атап өтті.

Спорттың негізгі принциптері бар: гумандық және бауырмалдық. Бұл пікір алмасудың алаңына айналуы керек. Соның алуан түрлі жолдарын кешенді ғылыми тәсілдермен ашық тиянақтау керек. Сол бағытта ауқымды бағдарлама қажет. Бұл бір немесе 20 адамның қолынан келмейді. Айталық әлемдегі шаманизм туралы  976 беттік энциклопедия шықты.  Дүниеде қанша халық бар, солардағы шаманизмге тән сипаттарды ашып, кәсіби мамандар дайындады. Үлкен талқыдан өткен, озық ойлы ғалымдар жасаған еңбек. Сол тәрізді киіз үй туралы еңбек бар. Өте үлкен форматтағы еңбек. Онда киіз үй ғана емес, әлемнің бес құрлығындағы халықтардың мәдениетінде соның сипатындағы дүниелерді зерттеп жазған. Бізде де көшпелі этникалық спортқа тән бүкіл әлемдегі спорт түрлерін ірі форматта аз ғана иллюстрациямен тиянақтап, жазу керек, - деп қосты этнограф.

Оның пікірінше, ойынға қатысатын елдер спорт түрлері мен ережесіне қатысты ортақ келісімге келуге тиіс. Осылайша спортты олимпиадалық деңгейге көтеруге болады деп есептейді.

Содан кейін жарыстық принциптері, ережелері бойынша ортақ компромиске келу керек. Көкпар мен көкбөрі бойынша тартысып келе жатқанына 10 жыл болды. Корейлер қаншама спорт түрлерін олимпиада бағдарламасына енгізіп үлгерді. Өзбектер өз күресін енгізді. Бүкіл түркі халықтарына ортақ алыш, күрес, кураштың ортақ стандартын жасау керек. Басқа спорт түрлері бойынша сондай жұмыс керек. Осыны жасай алмай отырғанымыз өкінішті. Ортақ стандартпен ол таэквондо сияқты болашақта олипиадалық бағдарламаға енуі мүмкін. Барша түркі халықтары ортақ мәмілеге келу арқылы оны әлемдік деңгейге көтере алады. Осы арқылы бір-бірімізге жақындасу, түсіністік қалыптасады. Өзгені сыйлау арқылы өзімізді сыйлатамыз. Ғылыми дискуссиядағы пайым осы. Бұны қабылдауға тура келеді, амал жоқ. Басқа олимпиадалық спорттарды, жат нәрселерді қабылдадық. Бірақ өзімізге тән спорттарды қабылдауға келгенде жан-жаққа тартамыз. Бұл салада істелуге тиіс істер әлі алда. Әлі күнге дейін тартысып, анда бір, мында бір өткізіп жүрміз. Бұл  ойындарды дамытуымыз керек. Дамыту арқылы ғана жаңа деңгейге көтеріле аламыз, - деп толықтырды сөзін.

Сонымен қатар ғалым көшпенділер ойындарының форматын реформалауға қатысты пікір білдірді.

Әр нәрседе реформа, даму болмаса ол тығырыққа тіреледі. Бүкіл империяларда осындай тоқырау болған. Мәселен, Ресейдің технологиядан қалып қойғаны қазір өзіне қолбайлау болып отыр. Біз де сол деңгейде қалмауымыз керек. Даму, кемелдену, жаңа заманға лайықтау замана талабына сай келмесе бар нәрсе ерте ме, кеш пе өз құндылығын жоғалтады. Ойынның ережелері қатаң болуға тиіс әрі өзгермеуі керек. Сондай-ақ ішкі ережелері бекітілуге тиіс, ол төрелік жасау, ойын алаңдарының стандарттары және т.б. Мәселен, футбол алаңы, теннис корты мен велотректің стандарты бар ғой. Сол сияқты бұл ойындарының да қатаң стандарттары болуға тиіс. Осындай стандарттарды қабылдап, мәмілеге келу арқылы жетістікке жетеміз. Әйтпесе мұндай іс-шаралар дүниенің әр бұрышында бар. Өтеді, кетеді, баянсыз, берекесіз, басы бар аяғы жоқ дүниелер болады, - деді этнограф.

Еске салсақ, 5-8 қыркүйекте Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткен болатын. Қазақстанның ұлттық құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлде алып, командалық есепте бірінші орынға ие болды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама