Боксшыларымыз да, балуандарымыз да әбден жерге қаратып болды, - дейді ол
Белгілі ақын Жүрсін Ерман EL ARNA телеарнасына берген сұхбатында еліміздің спортшыларынан әбден көңілі қалғанын айтты. Өйткені оларды Олимпиадаға қатыстыру үшін қыруар қаржы жұмсалады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Басынан бастап, соңына дейін көрдім. Қазақстанның спортшыларына соңында бірдеңе жетпей қалып жатады. Су спортына дейін қарадым, таяна бергенде жетпей қалады. Жігерімізді әбден құм қылып бітті. Не дейміз, бақ солай боп тұр ма, бап солай ма, білмеймін. Әйтпесе Лондон олимпиадасында 7 алтын алып едік, оның да дәурені өтіп кетіпті. Боксшыларымыз да, балуандарымыз да әбден жерге қаратып болды, - деп налыды ақын.
Сондай-ақ ол Афина олимпиадасы да бітті-ау дегенде, Бахтияр Артаевтың арқасында жалғыз алтынды әрең алғанымызды еске түсірді. Қазір соған да зар болып қалдық деген пікірде.
Елдос Сметов болмаса, елдің еңсесі тіптен түсіп кетуші еді. Біздің спорт комментаторлары қызық, «ананы аламыз, мынаны аламыз» деп желіктіріп қояды. Бірақ соңында ештеңе бұйырмай қалады, - деді Жүрсін Ерман.