Алматыдағы атыс: Президент борышкерлерге қатысты тапсырма берді
Бүгінде 540 мың қазақстандықтың банк алдында жалпы сомасы 354 миллиард теңге болатын берешегі бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысына қатысып, банктердің кепіл саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу мәселесіне арнайы тоқталды. Қыркүйек айында Алматыда үйден мәжбүрлеп шығару кезінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Мұны ақтауға болмайтын қылмыс деп атаған Президент біздің құқықтық мемлекет екенімізді, барлық даулы мәселе тек заң аясында ғана шешілуі керектігін айтты.
Ешкімнің заңсыз әрекетпен мәселе шешуіне рұқсат етілмейді. Бұл қайғылы оқиға қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындамауы, банктердің кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерді алып қою, сату және тиісті бағалау тетіктерінің шикілігі мәселені жүйелі шешу қажет екенін көрсетті. Бүгінде 540 мың отандасымыздың қарызын өтеу мерзімі 90 күннен асқан, жалпы сомасы 354 миллиард теңге болатын берешегі бар. Қаржы секторына зиян келтірмей, борышкерлерді қолдау үшін тиімді шаралар қабылдау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, 20 қыркүйек сағат 17:00 шамасында Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданында қайғылы оқиға болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және ТЖД қызметкерлеріне аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және екі бейбіт тұрғын, соның ішінде үйдің жаңа қожайыны қаза тапты. Қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болған бесінші адамның жаңа үй қожайынының танысы екені анықталды.