Halyq Uni логотип
×

Жеңімпаз атанған әр көкпаршыға 5 млн теңгеден беріледі

Мұндай сыйақыны Көкпар федерациясының президенті тағайындаған

 Айгерім Таубай 13.09.2024 | 10:37
Жеңімпаз атанған әр көкпаршыға 5 млн теңгеден беріледі
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Қазақстан Көшпенділер ойындарында медаль саны бойынша көш бастап тұр. Бұған ойын түрлерінің тең жартысы қазақтың ұлттық ойыны екені әсер еткен. Мұндай пікірді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары Қарлығаш Рамазанова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы көкпардан чемпион атанды. Көкпаршылар 5:4 есебімен Қырғыз спортшыларын жеңді.

Дайындықты ақпанда бастадық. Алдымен құрама команда жасақталды. 6 кезеңнен тұратын оқу-жаттығу өткіздік. Көкпар мен көкбөріден 12 адамнан тұратын бөлек-бөлек топ бар. Дайындық жоғары деңгейде болды, ол медициналық, психологиялық, техникалық бағытты қамтыды. Біздің спортшылар ойындарға толық дайындықпен келді, - дейді Қарлығаш Рамазанова.

Қазақстан қазір медаль саны бойынша көш бастап тұр. Орталық директоры орынбасарының айтуынша, бұған дейін Түркияда көшпенділер ойындары фестиваль форматында өткен. Ал басқа ойындардың бәрінде Қазақстан үздік үштікте болған.

Қырғызстанда ойындар үш рет өтті. Ол кезде біз жалпыкомандалық есепте күміс және қола медаль алдық. Қазақстанда ойындар 21 спорт бойынша өтіп жатыр, оның ішінде он спорт – біздің ұлттық ойындар. Сол ойындар бойынша жарыстың алғашқы екі күнінде 27 алтын алдық. Бұл біз үшін өте жоғары нәтиже. Жалпы есеп бойынша қарсылас командадан бірнеше есе көп медаль алдық. Әлі де жалғасып жатыр, - дейді ол.

Айтуынша, көкпар мен көкбөрі – Көшпенділер ойындарының «изюминкасы». Көкпардан бірінші орын алған командаға дирекция атынан 10 млн теңге берілді, екінші орын алғандарға 6 млн теңге, үшінші орынға 4 млн теңге табысталды.

Көкпар федерациясының президенті Бауыржан Исабаевтың атынан сыйақы бар. Егер Қазақстан командасы көкпардан бірінші орын алса, әрбір көкпаршы (12 адам) мен жаттықтырушысына (3 адам) 5 млн теңгеден беріледі, - дейді Рамазанова.

Рамазанова шетелден келген спортшылардың шағымына да тоқталды.

Арыз-шағым кез келген жерде болады. Ат спортында спортшы мен жылқы бірлесе жаттығуы керек. Атты Қазақстан тарапы ұсынып отырғандықтан, кей елден келген азаматтар берілген жылқыны басқаруды білмейді. Соған байланысты шағым болды. Ер адамдардың арасындағы спортта жарақат алу да болып тұрады. Жалпы алғанда қауіпсіздікпен толық қамтамасыз етіп отырмыз, - дейді Рамазанова.

Қырғызстан ойындарға өз аттарымен қатысып отыр. Олар көкбөрі үшін Өзбекстан, Ресейге жылқы алып келген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама