Halyq Uni логотип
×

Депутат Қазақстанға НАТО-ның қару-жарағын сатып алуды ұсынды

Мәжілісмен Қазақстанның ЖІӨ-нің 1%-ы қорғаныс саласына бөлуі қажет деп есептейді

 Дәурен Ерболат 12.09.2024 | 17:07
Депутат Қазақстанға НАТО-ның қару-жарағын сатып алуды ұсынды
Фото: NIDS/NATO Multimedia Library

Әлемдегі геосаяси ушыққанын ескерсек, Қазақстанға НАТО-ның қару-жарағы керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, еліміз қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны көбейту керек.

Соғыс тақырыбын көтеріп отырған жоқпын. Мен Қарулы күштер мен Қорғаныс министрлігінің бюджетін арттыру мәселесін айтып отырмын. Әлемдегі геосаяси жағдай теңселіп тұрғанда және соғыс жүріп жатқанда, бізге екі қолды салақтатып, босқа отыруға болмайды. Қазір біз қабылдағалы жатқан бюджетімізде әлеуметтік, денсаулық, білім, ғылым салаларының бәрі бар. Ертең Қазақстанның төңірегінде соғысы тәуекелі туып қалса, мұның бәрі далада қалады. Әлеуметтік жағдайың, барлығы әдірем қалады. Құдай сақтасын.Еуропа елдері ішкі жалпы өнімінің 2-3%-ын қарулы күштерге бөліп жатқанда елімізде бұл көрсеткіш жарты пайызға да жетпейді, - деді Ермұрат Бапи.

Депутат Қазақстанның ЖІӨ-нің 1%-ы қорғаныс саласына бөлуі қажет деген ұстанымда. Қазіргі көрсеткіш – 0,68%.

Қазіргі әлемдегі және Қазақстанның төңірегіндегі жағдайды ескеріп, қорғаныс саласына тиісті қаржы бөлінуі керек. Мен нақты осындай қаржы бөлінсін деп айта алмаймын. Бірақ көрсеткіш ЖІӨ-нің 1%-ынан кем болмауы қажет, - деді ол.

Сондай-ақ Бапи елімізге заманауи әскери техника мен қару-жарақ қажет екенін атап өтті.

Қазір әлемдегі геосаяси жағдайды және елдердің қайта қаруланып жатқанын ескерсек, бізге БПЛА (ұшқышсыз басқарылатын аппарат), квадрокоптерден бастап, бізге неше түрлі технологиялық қару-жарақ керек. Біз Ресейдің С-300 кешеніне табынып отыра алмаймыз. Украинадағы соғыс жағдайында ол өзінің қандай қару екенін көрсетті. Сондықтан бізге НАТО-ның стандартына сәйкес қару-жарақ керек. Өйткені, НАТО – әлемдік стандарт..., - деді депутат.

Ол әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұрғанда Қазақстан тек өз мүддесін ойлау керегін айтты.

Енді біз Ресей ренжиді екен (Батыстан қару-жарақ сатып алуға қатысты – автор) деп оның көңіліне қарап отыратын жағдай жоқ. Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Біз өз мәселемізді өзіміз шешуіміз керек, - деді Ермұрат Бапи.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама