×

Шетелден спортшы тарту жоспарда жоқ – министр Ербол Мырзабосынов

Қазақстандықтар Паралимпиада жүлдегерлерін күтіп алды

 Айгерім Таубай 10.09.2024 | 12:25
Фото: Голос народа

Қазақстандықтар Астана әуежайында Паралимпиада жүлдегерлерін күтіп алды. Спортшыларды қарсы алғандардың арасында паралимпиадашылардың туыстары мен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та бар, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, қазақстандық спортшылар Парижде өткен Паралимпиада ойындарында 9 медаль алды, оның ішінде екі алтын бар.

Бұл – Паралимпиада тарихындағы алғашқы жоғары нәтиже. Спортшылар елдегі рекордты жаңартты. Екі алтын, үш күміс, төрт қола – үлкен жетістік. Давид Дегтярев Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанып отыр. Ақмарал Науатбек тұңғыш рет Паралимпиада пара дзюдодан жеңімпаз атанды. Пара спортқа Олимпиада секілді барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Осы жетістікке талдау жүргізіп, басқа өңірлерге енгіземіз. Балалар бағытында да Паралимпиада спорт түрлерін енгізу жоспарда бар, - дейді министр.

Айтуынша, спорт медицинасы, спорт ғылымы, халықаралық тәжірибеде мәселе бар.

Спорт жүйесінде бірден 10 алтын алу қиын. Екі алтын – бұған дейінгі ойындардағы бір алтынға қарағанда нәтижелі жұмыстың жемісі. Бір күнде Олимпиада чемпионын дайындау мүмкін емес. Мұны бәріміз түсінуіміз керек. Олимпиада мен Паралимпиадаға дайындық бір бағытта жүрді. Спорт медицинасы, спорт ғылымы, халықаралық тәжірибеде мәселе бар. Президент спорт саласына реформа қажет екенін айтты, біз бағдарламасын әзірлеп, ұсынамыз, - дейді Мырзабосынов.

Министр Паралимпиада ойындарына шетелден спортшы тартылмайтынын айтты. 

«Сырттан спортшы тарту деген мақсат жоқ. Өзіміздің қазақстандық спортшыларды дайындап, халықаралық аренаға шығарамыз. Сырттан тек спорт медицинасындағы кәсіби мамандар тартылады. Оларға қарап біздің мамандар үйренетіндей топ құрылады», - дейді туризм және спорт министрі.

Парижде өткен паралимпиада ойындарында дзюдодан 48 келіде чемпион атанған Ақмарал Науатбек бапкерлері мен дәрігерлерге алғыс айтты.

Бұл жеңісті қазақ еліне арнаймын. Бұл жеңіс барлығына ортақ. Үлкен жұмыс, еңбек атқарылды. Бапкерлер мен дәрігерлерге алғыс. Тарихи сәт. Пара дзюдодан қазақ еліне алғашқы алтынды сыйлағаныма қуаныштымын, - дейді алтын алған Ақмарал Науатбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама