Halyq Uni логотип
×

450 құрақ көрпе тіккен қазақстандық әйелдер рекорд жаңартты

19 өңірден 450 құрақшы келген. Олардың арасында 8 жастан 85 жасқа дейінгі шеберлер бар

 Айгерім Таубай 09.09.2024 | 12:05
450 құрақ көрпе тіккен қазақстандық әйелдер рекорд жаңартты
Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Астанада өтіп жатқан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Гиннесс рекорды жаңарды. Қазақстандық қолөнершілер этноауыл ішінде 450 құрақ көрпе тіккен, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ұйымдастырушылардың бірі – Алматы облысы тұрғыны Нұргүл Абайхан. Қолөнер шебері бұл өнер анасы мен енесінің үйретуі арқылы қалыптасқанын айтады.

27 жылға жуық құрақ құрайтын қолөнершімін. Қазақтың әр үйінде құрақшы шебер бар. Бәріміздің анамыз бен енеміз құрақ тіккен. Бұл – біздің құндылығымыз. Егер қазақта тіл мен салт-дәстүр болмаса, біз өз атымызды жоғалтамыз. Осы мақсатта қазақтың құрағын әлемге көрсетейік деген оймен осы жобаны бастадық. Бүгін жалпы ауданы 11,2 мың метр құрақ көрпе тігілді. Жалпы 450 көрпенің ұзындығы – 2,5 мың метр, ені 90 см, - дейді Нұргүл Абайхан.

Айтуынша, 19 облыстан 450 құрақшы келген. Олардың арасында 8 жастан 85 жасқа дейінгі құрақшылар бар.

Былтыр 200 құрақшы Гиннесс кітабына ендік. Биыл өз рекордымызды жаңғыртып жатырмыз. Дайындықты 2024 жылдың қаңтарында бастадық. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін естіп, өз үлесімізді қосқымыз келді. Басты мақсатымыз – қазақтың ауызбіршілігін көрсету. 450 көрпешенің бәрі бірдей, егіз көрпедей. Бір техника, бір өлшеммен тігілген. Жайылған кезде үлкен кілем тәрізді болады, - дейді құрақшы.

Айтуынша, 19 өңірдің ішінде Жамбыл облысынан келген құрақшылар саны салыстырмалы түрде көп. Өңірден 54 құрақшы келген.

Бізде демеуші жоқ. Әр құрақшы өзіне өзі демеуші. Өзінің отбасы, күйеуі қолдау көрсетіп отыр. Екі ағайынның басы қосыла бермейтін уақытта 450 құрақшының басын бір жерге біріктіру оңай емес, - дейді ол.

Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында Астанада өтіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама