Ақсақал 20 жыл спорт мектебінде директор болып жұмыс істеген
Астанада өтіп жатқан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қырғызстандық Мамыт Таштанов велосипедпен келген. Бұл туралы 77 жастағы ақсақал Halyq Uni тілшісімен әңгіме барысында айтты.
Оның сөзінше, 23 тәулік бойы жолда болған. Ер адам қазірге дейін өткен көшпенділер ойындарының бір де бірін жібермей қатысқанын айтады. Тіпті 2 жыл бұрын Түркияға велосипедпен барған.
Көшпенділер ойындарына бесінші рет қатысып отырмын. Алғашқы үш ойын Қырғызстанда өтті. Түркияға да велосипедпен барып келдім. Сол ізді жалғап, Астанаға да велосипедпен келдім. Бір туған елдердің достығын шыңдау мақсатында жолға шықтым. Велосипедпен 23 күнде жеттім. Кей күні күн ыстық болып, арасында күніне 10 литр су іштім. Судың осынша мөлшерін велосипедпен алып жүру мүмкін емес. Жолдағы көлік жүргізушілері беріп отырды, - қырғызстандық Мамыт Таштанов.
Айтуынша, 20 жыл бойы спорт мектебінде директор болып жұмыс істеген. Өзі дзюдо бойынша спорт шебері.
Зейнетке шыққаннан кейін осылай велосипедпен жүруді бастадым. 2022 жылы Түркияға 47 күн жүріп бардым. Жолдың ұзақтығы 3 мың шақырым болды. Бұл жолы Астанаға дейін 1,2 мың шақырым жүрдім. Бұл ұлттық ойындардың мақсаты – көшпенді елдердің бір-біріне мәдениетін таныту, біріне-бірі жақын болу. Қырғызстан ұтсын, Қазақстан ұтсын деген ойдан алыспын. Қай команда мықты болса, сол ұтсын, - дейді Таштанов.
Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылдың 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтіп жатыр. Ал 6-шы ойындар Өзбекстанда өтеді.