Қарапайым этиканы сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек, - дейді ол
Кеше Халық әртісі, танымал әнші Бибігүл Төлегенованы ұшаққа өткізбей қойған Air Astana қызметкерлерінің ыңғайсыз әрекеті Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны да бейжай қалдырмады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегенованы Air Astana әуе компаниясының бортына отырғызу кезінде болған өте ыңғайсыз жағдай мені де қатты алаңдатты. Әуе компаниясы бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелерін еске салды. Әрине, ұшақтың және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ережелер қатаң сақталуға тиіс. Дегенмен әуе компаниясымен пікір қайшылығына бармай-ақ, болған жағдайға байланысты өз ойымды білдіргім келеді. Нақтырақ айтқанда, әуе компаниясы мен оның қызметкерлері ішкі нұсқаулықтардан бөлек, қарапайым этиканы, адами қарым-қатынасты сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек деп есептеймін. Әсіресе, жасы үлкен жолаушыларға, Отан алдында айрықша еңбегі бар адамдарға ерекше құрмет көрсетілуге тиіс», - деп жазды өзінің Facebook-тегі парақшасына Аида Балаева.
Оның айтуынша, аға буынға құрмет – тәрбие мен ішкі мәдениет мәселесі. Қандай жағдайда да оларға дөрекілік танытуға ешкімнің хақысы жоқ.
Ал қазақ өнерінің бұлбұлы, өнер майталманы Бибігүл Ахметқызына зор денсаулық, ұзақ өмір мен сарқылмас күш-жігер тілеймін! - деді министр.