«Маңдайымызға орыс жерлерін қайтару жазылған»: Путин өзін императорға теңеді
Ресей президенті жас кәсіпкерлермен кездесуде І Петр заманындағы соғыстар туралы айтты
РФ президенті Владимир Путин жас кәсіпкерлермен кездесуде тағы да өзін «тарихшы» етіп көрсеткісі келіп, «жерді қайтарып алу» туралы айтты.
Ол «I Петр. Империяның тууы» деген көрмені көргеннен кейін маңдайыма жазуымен «орыс жерлерін» қайтару бұйырып тұр деп мәлімдеді.
«І Петр заманынан бері ештеңе өзгерген жоқ. Ол Швециямен 21 жыл соғысып (1700-1721 жылдар, – ред), жерін беріп қойған секілденеді… Ештеңені де берген жоқ. Ол қайтарып алды… Иә, иә, солай... Қазіргі Петербург, Ладожье көлінің маңайын қайтарды. Ол жаңа астана салғанда Еуропа елдерінің ешқайсысы оны мойындаған жоқ. Бәрі оны Швецияныкі деді. Ал ол жерде бағзы заманнан бері фин-угор халықтарымен бірге славяндар да тұрған. Бұл жерлер Ресей мемлекетінің қарамағында болған. Батыс бағыттарға келсек, онда да солай болды… оның алғашқы жорықтарында. Мұны Нарваға қатысты да айтуға болады. Ол ештеңеден қорыққан жоқ. Қайта жерлерімізді қайтарып, мемлекетімізді күшейтті. Міне, оның істегені», – деді Путин.
Одан әрі ол қазір І Петр заманындай Ресейдің үлесіне де жерлерді қайтарып алып, мемлекетті күшейту тұрғанын ескертті.
«Ресейдің маңдайына орыс жерлерін қайтару жазылып отыр. Егер біз жерлерді қайтаруды өзіміздің өмір сүруіміздің негізі деп санасақ, онда, сөз жоқ, алдымызда тұрған бұл міндеттерді орындап шығамыз», – деді ол.
Ескерте кететін бір нәрсе, Бірінші Петр алғашқы жорықтарында жеңіске жеткен жоқ. Ол әуелі 1695 жылы Азов теңізі үшін шайқасып, жеңіліп қайтты. 1696 жылы Азов теңізі маңына тағы шабуыл жасады. Осы жолы аздаған жеңіске жетіп, Османлы империясын ығыстыра алды. Бірақ, Қара теңіз түгелімен османлылар қолында қалып қойып, Азовтан ешқандай пайда таппады.
Содан кейін 1700 жылы Нарва түбінде шведтермен шайқасты. Осы ұрыста орыстар күйрей жеңілді. Осыдан кейін Петрдің армиясы 1724 жылға дейін есін жия алмады.